Еліміздің үшінші мегаполисі Шымкент қаласында тұрғындар саны мен қатар шаһар аумағы да өсіп келеді. Қаладағы жаңадан құрылған Тұран ауданында бүгінде атқарылған ауқымды істер баршылық. Ілкімді жобалардың арқасында ауданның әлеуметтік, экономикалық салалары өсіп, халықтың тұрмыс сапасы артып келеді.
Қаланың ең жас ауданында қазіргі таңда 230 мың халық қоныстанған. Аумағы 36 мың шаршы метрді құрайды. Жалпы 21 елді мекен орналасқан. Ауданда инфрақұрылым бойынша ауыз толтырып айтарлықтай жұмыстар атқарылып келеді. Ауданда жол жөндеу, кәріз жүйесін тарту, ауыз су мен электр желілерін жаңарту жобалары кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Қалалық стандартқа сай инфрақұрылым қалыптастыру тұрғындар үшін қолайлы орта құруға мүмкіндік беріп отыр. Сонымен қатар қоғамдық көлік бағыттары көбейіп, жаңа аялдамалар орнатылуда.
«Тұран ауданы қала бойынша 5 ауданның ішіндегі ең үлкені болып есептеледі. Сондай-ақ базар, ірі сауда орындары секілді кәсіпкерлік нысандардың көбісі осы ауданда орналасқан. Тұрғындардың жайлы өмірі үшін инфрақұрылымның маңызы зор. Бүгінде 21 елді мекеннің 19-ы ауыз сумен қамтамасыз етілген. Екі шағын ауданға ауыз су жүргізу үшін Энергетика басқармасы және мердігер мекемелермен үлкен жұмыстар атқарылуда. 2026 жылдың соңына дейін Айкөл және Құрсай елдімекендері толық ауыз сумен қамтамасыз етілетін болады. 18 шағын ауданымызға табиғи газ желісі тартылған. Яғни 85 пайызды құрайды. Қалған Жаңаталап, Құрсай, Айкөл шағын аудандарын көгілдір отымен қамтамасыз ету жұмыстары жүргізілуде. Соның есебінен келесі жылы Тұран ауданында газ мәселесі 100 пайыз шешілетін болады. Ал енді жарық мәселесін айтатын болсақ, 20 елдімекен электр энергиясына қосылып, 95 пайыз көрсеткішке қол жеткізіп отырмыз. Құрсай шағын ауданында өткен жылы жарық тарту үшін құрылыс жұмыстары басталған болатын. Ағымдағы жылдың соңына дейін электр желісі толық тартылып, 100 пайыз жарық берілетін болады. 12 шағын аудан кәріз жүйесіне қосылып, нәтижесінде кәрізбен қамту көрсеткіші 57 пайызды құрап отыр. 2024 жылы Түркістан шағын ауданы, Қазыбек би көшесінің кәріз жүйесіне құрылыс жұмыстары басталған болатын. Осы жылдың соңына дейін аудан бойынша кәріз жүйесімен қамтамасыз ету көрсеткішін 60 пайызға жеткізуді жоспарлап отырмыз»,- дейді Тұран ауданы әкімінің орынбасары Асылжан Дәулетханұлы.
Тұран ауданында кәсіпкерлік саласы да серпінді дамуда. «Атамекен» бағдарламасы мен мемлекеттік гранттар аясында ондаған жаңа жоба іске асқан. Әсіресе қызмет көрсету, жеңіл өнеркәсіп және агробизнес бағытындағы бастамаларға қолдау көрсетілуде. Бұл өз кезегінде аудан экономикасының өсуіне және жұмыссыздық деңгейінің төмендеуіне ықпал етіп отыр. Сондай-ақ ауданда білім беру және денсаулық сақтау нысандарын жаңарту жұмыстары да жалғасуда. Жаңа балабақшалар мен мектептер ашылып, медициналық пункттер жаңғыртылуда. Тұрғындардың денсаулығын сақтау мен жастардың сапалы білім алуына бағытталған бастамалар жергілікті биліктің тұрақты бақылауында.
Мамандардың мәліметінше қазіргі таңда аудан бойынша мемлекеттік 31 мектеп болса, 27 жеке меншік білім ордалары орналасқан. Мемлекеттік балабақша – 17, жекеменшік – 127 балабақша бар. Жаңа ауданда 260-тан аса әлеуметтік осал топқа жататын отбасылар тіркелген. Салаға жауапты мамандар бұл санаттағы топтарды азық-түлікпен қамтамасыз ету, қаржылай секілді түрлі көмектер өз деңгейінде көрсетіліп келеді дейді.
Ауданда қаланың сәнін кіргізіп тұрған 5 гүлзар халық игілігіне берілген. Атап айтар болсақ: Қабылбеков көшесіндегі гүлзар инвестициялық жоба бойынша салынса, Арғынбеков, Бәйтереков көшелеріндегі гүлзарлар толығымен аяқталған. Ал Гагарин көшесіндегі аллеяның құрылыс жұмыстары жалғасуда. Сондай-ақ Рысқұлов және Байтұрсынов көшелерінің қиылысында 10 гектар жерге гүлзар салынуда.
Ауданда көпқабатты тұрғын үйлердің құрылысы қарқын алған. Қаланың сәулеттік келбетін сақтай отырып, заманауи тұрғын кешендері бой көтеруде. Сонымен қатар аулаларды көгалдандыру, балалар және спорт алаңшаларын салу, көшелерді жарықтандыру шаралары жүйелі түрде жүргізілуде.
Тұранның әлеуметтік-экономикалық дамуына тұрғындардың да белсенділігі әсер етуде. Қоғамдық кеңестер мен азаматтық бастамалар арқылы халықтың ұсыныстары ескеріліп, жергілікті мәселелерді шешуге бағытталған нақты шешімдер қабылдануда.
«Аудандағы көмешбұлақ базары көп жылдан бері ол маңдағы тұрғындардың басты проблемасына айналған болатын. Яғни базардың алдында тиісті автотұрақтар жоқ. Соның салдарынан такси жүргізушілері базарға кіретін жолдарды жауып қойып жүрген. Сондай-ақ санитарлық талаптардың сақталмайтыны жөніндегі көптеген арыз-шағымдар түсті. Осы мәселе бойынша біз қала әкімінің тапсырмасына сәйкес базар маңындағы автовокзалды жаңадан бой көтерген қала сыртындағы «Қазығұрт» автовокзалына ауыстырдық. Қазіргі таңда базар маңындағы бүкіл жолаушы тасымалдайтын автокөліктер жаңа орынға жайғасты. «Жабық базар» мәселесі бойынша да тұрғындар тарапынан өте көп шағымдар түсетін. Ит, мысық секілді жан-жануарларды және ескі киім, заттарды сататын сатушылар базардың сыртына, тіпті көше бойына да шығып саудасын жүргізетін. Қазір базар алдына, көше бойына қоршаулар орнаттық. Күн сайын бекітілген инспекторлар мен арнайы мамандар базар маңын тексеріп, ретсіз сауданы жойып, тәртіпке келтіріп отырады. Осындай ауқымды жұмыстардың нәтижесінен кейін тұрғындар тарапынан арыз-шағымдар азайды. Сондай-ақ, қаланың ірі сауда орындарының бірі «Автонұр» базарындағы ретсіз, жабайы сауда қатарларын жойып, бақылауды күшейттік»,- дейді Асылжан Дәулетханұлы.
Алдағы кезеңде Тұран ауданында инженерлік инфрақұрылым мен әлеуметтік нысандар желісін кеңейту, инвестициялық жобаларды көбейту және цифрлық басқару жүйесін енгізу жоспарланып отыр. Бұл жұмыстар ауданның экономикалық әлеуетін арттырып, тұрғындарға жайлы өмір сүру жағдайын қамтамасыз етуге бағытталған.