Мамандардың айтуынша, бүгінде Шымкент қаласында 4 152 ауылшаруашылық кәсіпорындары жұмыс істейді, оның ішінде шаруа қожалықтары - 3 908, жеке кәсіпкерлер - 244. Статистикалық мәліметке сәйкес, өткен жылы шымкенттік шаруалар 24 894,6 миллион теңгенің ауылшаруашылық өнімін өндірген. Оның ішінде мал шаруашылығының өнім көлемі 14 179,4 миллион теңге болған. Сонымен қатар, ет өндірісін ұлғайту мақсатында 48 бірлік шағын мал бордақылау алаңдары, 36 бірлік шағын сүт аулалары ашылып, 15 ауыл шаруашылығы кооперативтері құрылған. Қала бойынша несие ұйымдары арқылы ауыл шаруашылығын дамыту мақсатында құны 902,7 миллион теңгені құрайтын 142 жоба қаржыландырылды. Атап айтқанда: «Аграрлық несие Корпорациясы» АҚ арқылы 35,0 миллион.теңгеге 3 жоба; «АИО«Оңтүстік» ЖШС арқылы 149,7 миллион теңгеге 7 жоба және «Ырыс» ШНҰ» ЖШС арқылы 718,0 миллион теңгеге 132 жоба. Сондай-ақ өсімдік шаруашылығының өнім көлемін ұлғайту мақсатында қалада 18 гектар жерге жылыжай салынып, 200 га жерге тамшылатып суғару әдісі енгізілді. 14,7 га жерге жартылай қарқынды бау егу жұмыстары жүргізіліп, 55 ауыл шаруашылығы техникалары жаңартылған. Қала аумағында бүгінде 27 канал бар, оның ішінде 25 коммуналдық меншіктегі каналдардың жалпы ұзындығы 198,4 шақырымды құрайды, одан алынатын жылдық су көлемі 65,5 мың текшеметр. Осы су каналдарын күтіп ұстау үшін «Шымкент сушар» МКК құрылған.
Ауыл шаруашылығы өнімдерінің шоғырланып, халыққа қолжетімді бола түсетін орын ол әрине жәрмеңке. Диқандар мен шаруалардың өнімдері арзан бағада сатылатын жәрмеңке қалада жыл сайын ұйымдастырылады. Ел ішінде жәрмеңкенің енді өтуі екіталай деген әңгіменің ұшы шыққалы біраз болды. Таяуда қала әкімдігінде өткен жиында шаһар басшысы Нұрлан Сауранбаев ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі жалғаса беретіндігін мәлімдеді. Басқосуға жәрмеңке сатушыларының белсенді тобы мен құқық қорғау органдарының өкілдері де қатысты. Жәрмеңкені жабу мәселесінің қозғалуына қоғамдық денсаулық басқармасы мен ветеринария бөлімі мамандарының хаты себеп болған. Құжатта жазғы уақытта тез бұзылатын өнімдерді тиісті жағдай жасамай сатуға қатаң тыйым салынғаны көрсетілген еді. «Демалыс күнгі жәрмеңкелер барлық дерлік қалаларда бар. Мен мұндай жәрмеңке өз жұмысын жалғастыра берсін деп есептеймін. Бірақ, санитар мамандардың тиісті талаптары бар, одан айналып өтуге болмайды. Сондықтан ет-сүт өнімдері тез бұзылмас үшін тиісті жағдай жасау керек. Себебі, сатушыларға қолайлы жағдайдан бұрын біз алдымен сіздерден өнім сатып алатын қала тұрғындарының қауіпсіздігін ойлауға тиіспіз», - деді қала әкімі. Сонымен, шаһар басшысы ТҮКШ бөліміне жәрмеңке орнына электр жарығын жеткізуді қарастыруды тапсырды. Сонда сатушылар тоңазытқыштарын қосып, генераторларды пайдаланбайды. «Қалаға жәрмеңке қажет. Біріншіден, ол агробизнесті дамытса, екіншіден оған қалалықтар үйреніп қалды. Өнімдерді базар нарқынан 10-15% арзан бағаға сатып алып жүр. Үшіншіден, сатушыларға әкімдік тарапынан тегін орындар берілген. Ал барлық талапты сақтамаған сатушылар жәрмеңкеге жіберілмейді, - деп қала әкімі бір айдан бері созылған дауға нүкте қойды.