Соңғы жылдары Шымкентке Ордабасы, Сайрам, Төлеби, Қазығұрт аудандарынан бірқатар елді мекендердің қосылуына байланысты егіндік және жайылымға арналған жерлер көбейген. Шаһардың табиғи-шаруашылық бағыты бойынша тәлімі жер шаруашылығы басым таулы дала аймағына жатады. Негізгі ауыл шаруашылығы мақсатындағы өндірісі – ірі қара мал шаруашылығы мен бидай, майлы дақылдар. Қосымша бағыттары - сүт өндіру, жеміс-жидек, және бау-бақша өнімдерін өсіру және қайта өңдеу. Қазіргі таңда қала аумағының барлық жер көлемі 117 мың гектарды құрайды, оның ішінде ауылшаруашылығы мақсатындағы жері 63196 гектар, егістік жер 431 мың гектар болса, жайылым 20016 гектар, шабындық 243 гектар, бау және көпжылдық екпелер 937 гектарды құрайды. Әкімшілік аумақтық шекараның өзгеруіне байланысты 3,5 мыңнан аса агроқұрылым қосылып, бүгінгі таңда қала бойынша барлығы 4 мыңнан астам ауыл шаруашылығы тауарөндірушілері еңбек етуде. Ауыл шаруашылығы саласына серпін беріп отырған мемлекеттік «Агробизнес - 2020» бағдарламасы қалада қарқынды орындалуда. Бағдарлама аясында аталған шаруашылықтарға Үкімет тарапынан өте үлкен қолдау көрсетілуде. Атап айтсақ, көктемгі және күзгі егісті егіп, жинауға жеңілдетілген бағамен жанар-жағармай, минералды тыңайтқыш, гербицидтер берілуде және ашық топырақта егілген егіс, көкөніс, дәнді және майлы дақылдарға (арпа, мақсары, жоңышқа, дәндік жүгері) бау, жүзім, жылыжай, (фермерлік, өнеркәсіптік) кешендеріне және асыл тұқымды мал шаруашылығына субсидия берілуде. Бұл агроқұрылымдарға үлкен қолдау болып тұр. Шымқалада мал саны да артып отыр. Нақтырақ айтқанда қазіргі таңда қала бойынша ірі қара мал - 68 347, уақ мал - 121 641, жылқы 9 021 басты құрайды. Мамандар қалада әлі де жайылым жер жеткіліксіз екендігін айтуда. Алдағы уақытта мал басына белгіленген жайылымның шекті мөлшері тұрғылықты жерге байланысты қайта есептеледі.