Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Парламенттің VII шақырылымдағы бірінші отырысында инклюзивті кедергісіз қоғам құрудың, инфрақұрылымдық қолжетімділікті қамтамасыз етудің маңыздылығын атап өтті. Бұл бірінші кезекте білім беру жүйесіне қатысты. Мәдениет және спорт министрі А.Райымқұлова мәдениет, өнер және спорт саласындағы білім беру ұйымдары уәкілетті органмен бірлесіп, осы жылдың өзінде оқытудың инклюзивті нысандарын енгізу, білім беру сыныптарын ашу мәселелері пысықталып жатқанын жеткізген болатын. Президенттің тапсырмасына орай Шымқалада ауқымды жұмыстар атқарылуда.
Қазір үшінші мегаполисте ерекше білімді қажет ететін балалар үшін Басқармаға қарасты бес педагогикалық-медициналық-психологиялық кабинет(ПМПК) пен бес психологиялық-педагогикалық түзету кабинеттері(ППТК) жұмыс істейді.
Аталған мекемелермен ерекше білімді қажет ететін балаларға, оның ішінде, жеке үйде оқитын – 1321 оқушыға, арнайы мектеп-интернаттарында – 823 балаға, 6 жалпы білім беретін мектептердегі 55 арнайы сыныптарда – 476 балаға, қаладағы 80 жалпы білім беретін мектептерде – 713 оқушыға, 61 жалпы білім беретін мектептердің логопункттерінде – 2269 оқушыға, мектепке дейінгі жалпы ұйымдардың 51 балабақшасында – 1546 балаға, оңалту орталығында – 167 дамуында әр түрлі бұзылысы бар балаға, аутизм орталығында – 107 балаға түзеу көмектері және инклюзивті білім алу бойынша көмек көрсетілуде.Сонымен қатар, психологиялық-педагогикалық түзету кабинеттерінде түзеу жұмыстарына – 275 бала қатысады.
Осы орайда, жоғарыда аталған мекемелердің мамандарымен өздерінің азаматтарға және ерекше білімді қажет ететін балаларға қызмет көрсету барысын, оларды қабылдау, олармен жұмыс істеу тәртібін көрсету мақсатында «Ашық есік күні» шарасы ұйымдастырылуда.