Мәдениет және спорт министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен және ұйымдармен, жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, биыл «Наурыз мейрамын» мерекелеудің жаңа тұжырымдамалық тәсілдерін әзірлеген болатын. Тұжырымдамаға сәйкес Наурыз Шымкенттен бастау алды. Шуақты шаһарда ұлттық мерекеміз кең көлемде атап өтіліп, түрлі іс-шаралар бастау алды.
Айталық қалада Көрісу күніне орай «Наурыз: жаңа арман, жаңа үміттер» атты салтанатты іс-шарасы өтті. Қазақстан халқы Ассамблеясы ғимаратында ұйымдастырылған мерекелік шараға қала әкімі М.Әйтенов, зиялы қауым мен қоғамдық ұйымдар, жастар өкілдері және қала тұрғындары қатысты.
Барша жұртшылықты Наурыз мерекесімен құттықтаған қала басшысы бүгінгі көрісу күнінің мағынасына тоқталып өтті.
«Қыстан аман-есен шыққан ағайын бір-біріне қонаққа барып, хал-жағдай сұрасып, бір-бірімен көріскен екен. Бұл дәстүр Қазақстанның батыс аймақтарында жақсы сақталған. Биыл елімізде Наурыз мейрамын атап өтудің концепциясы әзірленіп, мереке бүгіннен, яғни 14 наурыздан 24 наурызға дейін, 10 күн қатарынан атап өтеміз. Қазақстандағы ең жылы қала - шырайлы Шымкентіміз биылғы Наурызға ерекше дайындықпен келіп отыр. «Наурыз Шымкентте басталады» ұранының аясында бұл мерекені жылда жоғары деңгейде өткізуді жоспарлап отырмыз», -деді М.Әйтенов.
Сонымен қатар әкім Наурыз - Шымкентте халықаралық деңгейде жыл сайын атап өтілетін, оған әлемнен туристер ағылатын мерекеге айналдыру мақсаты тұрғанын жеткізді.
Іс-шара барысында Наурыз туралы деректі фильм көрсетіліп, «Көрісу» атты театрландырылған көрініс болды. Көрісу рәсімі кезінде санитарлық талаптар сақталған. Мерекелік жиын концерттік бағдарламамен жалғасын тапты. Бұл күнгі бағдарлама осы іс-шарамен шектелген жоқ. Әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығының алдында 12 қанатты киіз үй тігілді. Ұлыстың ұлы күніне ошаққа от жағылып, күбіде май пісіліп, самаурында шай қайнатылды. Әжелеріміз Наурыз шашуын шашты. Аттылы жігіттер аттан түсіп, ақ жаулықты аналар қала тұрғындарымен көрісті. Сал-сері өнерпаздар ауыл ақсақалдарымен көрісті. Қыз-жігіттер ауылдың алты ауызын шырқады. Қала тұрғындары абзал аналарымыздың ел амандығы мен татулығын тілеп жасаған Тілеу көжесінен бір қазаннан дәм татты. Осы орайда көпшілікке жасалған көженің мөлшері 100 литр болғанын ерекше айтқымыз келеді. Орталыққа келген қонақтар осылайша тілеу көжеден дәм татып, халық әндерінен попурри тыңдап, көрісу, қауышу дәстүрін тағы бір жаңғыртты. Ал орталық қызметкерлері келген қонақтардан қонақкәде сұрады. Әжелер тобы «Шилі өзен» әнін айтып, ортаны әнге бөледі. Ауа-райының қарлы-боранды болғанына қарамастан, Салт-дәстүр орталығына келгендер Көрісу күнін көтеріңкі көңіл-күйде атап өтті.