Жаңа Салық кодексі бизнес пен әлеуметтік салаға оңатйлы болмақ

image.png

   Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 18 шілдеде жаңа Салық кодексіне қол қойды. Құжат еліміздің салық жүйесін заман талабына сай жетілдіруге бағытталған. Кодекстің басты ерекшеліктерінің бірі – сараланған салық ставкаларының енгізілуі. Өз кезегінде бұл әдіс табыс деңгейіне қарай әділдік орнатуға мүмкіндік береді. Салық кодексіндегі өзгерістер мен жаңалықтарды бүгін түсіндіру мақсатында Әл-Фараби аудандық мемлекеттік кірістер басқармасында ашық есік күні ұйымдастырылды. Тұрғындар көкейдегі сауалдарын қойып, мамандардан кеңес алды.

Жаңа Салық кодексіндегі елеулі өзгерістердің бірі – прогрессивті салық шкаласының енгізілуі. Енді жылдық табысы 33 миллион теңгеге дейінгі азаматтар 10 пайыздық мөлшерлемемен салық төлесе, кірісі бұл межеден асатындар үшін 15 пайыздық көрсеткіш белгіленеді. Ал ай сайынғы табысы 140 мың теңгеге дейінгі жұмысшылар табыс салығынан толықтай босатылады. Ашық есік күніне келген тұрғындар салықтың жаңа қағидаттары туралы жан-жақты мәлімет алды. «Көкейдегі маңызды сұрақтарыма толық жауап алдым. Біз үшін бұл – 2026 жылы енгізілетін Салық кодексіндегі өзгерістерге дайындық. Салық есебін дұрыс және ретімен жүргізу жолдарын білгіміз келеді. Осы бағыттағы түсіндірме жұмыстары пайдалы болды»,- дейді қала тұрғыны Ләйлә Макенова.

 Жаңартылған кодекс салықтық есептілікті 30 пайызға қысқартып, алым түрлерін 20 пайызға азайтуды көздейді. Ал цифрлық сервистерді енгізу арқылы жарна төлеу процесі жеңілдей түседі, – дейді мамандар.

«Бүгінгі ашық есік күнінің негізгі тақырыбы – 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап енгізілетін жаңа Салық кодексін түсіндіру. Құжаттағы басты өзгерістер – сараланған салық ставкаларының енгізілуі және қосылған құн салығының реформалануы. Салық кодексіне енгізілген өзгерістер бойынша 2026 жылдан бастап қосылған құн салығының мөлшерлемесі 16 пайыз деңгейінде белгіленеді. Медицина саласы үшін айналымға және импортқа келер жылдан бастап 5 пайыз, 2027 жылдан бастап 10 пайыз төмендетілген салық салынады. Жеке табыс салығы бойынша прогрессивті шкала енгізілді. Жылдық табысы 35 миллион теңгеге дейінгі азаматтар 10 пайыз, одан жоғары табыс иелері 15 пайыз мөлшерінде салық төлейді. Дивидендтер мен кәсіпкерлер табысына да осындай сараланған ставкалар қолданылмақ. Сонымен қатар, әлеуметтік салықтың мөлшерлемесі 6 пайыз көлемінде белгіленді. Алкоголь өнімдері мен темекіге салынатын акциз мөлшерлемелері жыл сайын 10 пайызға өсіп отырады. 2026 жылдан бастап энергетикалық сусындарға да акциз салығы енгізілетін болады. Тағы бір айта кететін жайт, мүлік пен жер салығы бойынша төлемдер есебі қысқартылды, салық тек жыл қорытындысы бойынша төленетін болады. Пайдаланылмайтын ауыл шаруашылығы жерлеріне салық көлемі қырық есеге ұлғайтылады. Бұл қадам жерді тиімді пайдалануға мүмкіндік береді.  Шаруа немесе фермер қожалықтары үшін 70% жеңілдікті ескере отырып, ставка 230 мың АЕК-ке дейін – 3%, одан асып кеткен бөлігіне – 4,5%. Жеке тұлғаларды салық салудағы жаңалықтардың бірі – мұрагерлікке қалдыру және елден тыс жерге шығу жағдайларын қоспағанда, БЖЗҚ-дан төленетін зейнетақы төлемдерін ЖТС-тан босату. Жеңіл автокөліктерге салынатын көлік салығы төмендетілді: пайдалану мерзімі 10 жылдан 20 жылға дейін – 30%-ға, 20 жылдан асса – 50%-ға азаяды. I және II топтағы мүгедектігі бар адамдарға арналған әлеуметтік шегерім 882 АЕК-тен 5 000 АЕК-ке дейін ұлғайтылды. Ескі көліктерге салынатын салық төмендейді: 10 жылдан асса – 30%, 20 жылдан асса – 50% жеңілдік беріледі. Өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға жеке кәсіпкер ретінде тіркелу талап етілмейді. Айлық табысы 300 АЕК-тен аспаған жағдайда ставка 4 пайызды болады және ол толықтай әлеуметтік төлемдерге бағытталады. Сондай-ақ, оңайлатылған декларация режимі енді жылдық табысы 600 мың АЕК-ке дейінгі бизнеске арналған. Қатысушылар ҚҚС пен әлеуметтік салықтан босатылады. Жаңа кодекстің тағы бір маңызды тұсы – цифрландыру. Салық органдары сервистік модельге көшіп, кәсіпкерлер үшін қызмет көрсету сапасын арттырады. Салық есептілігінің нысандары 30 пайызға қысқартылды. Бұл бизнес пен азаматтар үшін айтарлықтай жеңілдік болмақ. Жалпы алғанда, жаңа Салық кодексі ұлттық экономиканы дамытуға, әділ салық салу жүйесін қалыптастыруға және инвестициялық ахуалды жақсартуға бағытталған кешенді құжат ретінде қабылданды»,- дейді  Әл-Фараби ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасы басшысының орынбасары м.а Мұхаммед Сейітқұл.

Маңызды өзгерістер инвестиция тартуды ынталандырып, салық жүктемесін әділ бөлуге бағытталған. Сондай-ақ, қосылған құн салығының жаңа базалық мөлшерлемесі – 16 пайыз болып бекітілді. Қосылған құн салығыгда экономикалық теңгерім сақталады.  Осылайша республикалық бюджеттің кірісі артып, әлеуметтік саланы қаржыландыруға болады. ҚҚС бойынша міндетті тіркеу шегі 20 мың АЕК-тен 10 мың АЕК-ке дейін төмендетілді.

«Қосылған құн салығы – республикалық бюджеттің ең ірі кіріс көзі, бұл бюджет мүдделері мен бизнесті қолдау арасындағы теңгерімді сақтаудың оңтайлы деңгейі. Есептеулерде болжамды кірістер, серіктес елдердегі салық жүктемесінің салыстырмалы талдауы, сондай-ақ отандық экономиканың бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз ету міндеті ескерілді. Қосымша түсімдер шамамен 3-4 трлн теңге. Бұл – жолдарға, мектептерге, ауруханаларға, инфрақұрылым мен қорғанысқа, сондай-ақ дамуға жұмсалатын қаражат. Ставканың осы деңгейге дейін көтеру арқылы, мұнай кірістеріне тәуелділікті азайтуға, Ұлттық қорға түсетін жинақтарды тұрақтандыруға, азаматтардың өмір сапасын арттыратын басым жобаларды қаржыландыра аламыз»,- дейді Мұхаммед Сейітқұл.

Жаңа Салық кодексі – ел экономикасы мен әлеуметтік деңгейін жаңа сатыға көтеретін маңызды құжат.  

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Масылдықты еңбек қана жеңбек
  • Тұранның тұрғындары риза
  • «Таза Қазақстан»: Шымкентте қала тұрғындары мен жастар кең ауқымды экологиялық акцияға белсене қатыс
  • «Таза Казахстан»: жители Шымкента и молодежь приняли активное участие в масштабной экологической акц
  • Еңбек адамы – қоғам қаһарманы
  • Ақпарат

    • Rgmedia.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16380-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер