Мемлекет басшысы ел халқына жолдаған жолдауында өңірлерді дамыту жайына басымдық берген болатын. Бүгінде, әрбір ауданда инвестиция тарту, кәсіпкерлікті дамыту бағытында біршама жобалар қолға алынып отыр.
Атап айтар болсақ, Мақтаарал ауданында Қазақстан мен Түркия елдерінің бірлескен мақта майын шығаратын зауыты іске қосылмақ. Жалпы құны 2,152 миллиард теңгені құрайтын кәсіпорын 2022 жылы пайдалануға беріледі.
Мақтаарал ауылдық округіне қарасты Көкарал ауылында іске асып жатқан инвестициялық жоба бойынша жылына 3 мың тонна май, 14 мың тонна шрот шығарылмақ, 48 адам жұмыспен қамтылады. Қазіргі таңда мақта шикізатын дайын өнімге дейін жеткізетін кәсіпорын күрделі жөндеуден өтіп жатыр. Түркия мемлекетінен қажетті құрал-жабдықтар әкелінді. Бұдан бөлек, 2024 жылға дейін Түркия мемлекетінің қолдауымен жалпы құны 6 миллиард теңгені құрайтын текстиль фабрикасы іске қосылады. Онда жылына 6600 тонна жіп иіріліп, 143 адам жұмыспен қамтылады. Әрі қарай оны киім-кешекке, көрпе-кілемге айналдыратын толық индустрия жасау көзделген.
Айта кетейік, шетелден тікелей инвестиция тарту бағытында 2021–2025 жылы Мақтаарал ауданында жалпы инвестиция көлемі 10,781 миллиард теңгені құрайтын, 308 адамды тұрақты жұмыс орнымен қамтуды көздеген 5 жоба іске асырылуда.