Созақ ауданында биылғы І тоқсанда жалпы өңірлік өнім көлемі 102 млрд. 660 млн. теңгені құраған.
Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 8 млрд. 797 млн. теңгеге көп. Сондай-ақ, биыл аудан экономикасына 8 млрд. 857 млн. теңге инвестиция тартылған. Бұдан өзге, биылғы 4 айдың қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығы саласындағы жалпы өнім көлемі 3 млрд. 987,9 млн. теңгеге жетіп, 2020 жылдың осы мерзімімен салыстырғанда 556,8 млн. теңгеге артқан. Аудан бойынша 2021 жылы 13 200 гектар егістік жерді игеру жоспарланса, бүгінгі таңда 10 937 гектар алқапқа егіс егілген.
Созақ ауданына магистральды газ құбыры 2019 жылы тартыла бастаған болатын. Бүгінде магистральды газ құбыры мен автоматты газ тарату стансасының (АГТС) құрылысы өндірістік кестеге сәйкес жүргізілуде. Аудан бойынша 35 елді мекеннің 28-інде орталықтандырылған ауыз су құбыры жүргізілген. Қазіргі таңда аудан тұрғындарының 97 пайызы ауыз сумен қамтылған. Биыл аудандағы елді мекендердің ұзындығы 29 шақырымды құрайтын 25 ішкі көшесіне орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланған. Бұл жұмыстар өндірістік кестеге сәйкес жүргізілуде. Аудан бойынша елді мекендердің 403 шақырымды құрайтын ішкі көшелерінің 195 шақырымы асфальт болса, жыл қорытындысы бойынша оны 210 шақырымға жеткізу жоспарланған.