Түлкібас ауданы аумағында ескірген бағаналар мен электр желілерін ауыстыру жұмыстары қарқынды жүзеге асуда. Бұл туралы Түлкібас ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Облысымыздың басқа аудандарына қарағанда Түлкібас ауданында қыс мезгілі боранды күндермен ерекшеленеді. Бір күндері шығыстан батысқа «Шақпақ» желі тұрса, кейбір күндері батыстан шығысқа «Құбыла» желі соғады. Ауа-райы қолайсыздығы ескірген электр желілері мен бағаналарын істен шығарып, жөндеу жұмыстары аяқталғанша бұқара халықты электр жарығынсыз отыруға мәжбүрлейді.
Аталған мәселені алдын алып, тұрғындардың өтінішін қанағаттандыру мақсатында биыл аудан аумағында «Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС-нің инвестициялық жобасы шеңберінде Майлыкент, Келтемашат ауылдық округтері мен Састөбе және Түлкібас кенттерінде ескірген бағаналардың орнына 896 дана жаңа темір бетонды бағаналар орнатылып, 41,3 шақырым ескірген электр желілері жаңартылуда. Сондай-ақ, Қызыл ту, Кершетас, Еңбек, Көкбұлақ елді мекендері мен Түлкібас кентіндегі тозығы жеткен 7 дана трансформатор ауысады.
Бүгінде Майлыкент ауылдық округіне қарасты Биназар батыр мен Садықов көшелерінде 2,8 шақырым электр желісі мен 76 дана жаңа бағана, Састөбе кентіне қарасты Ынтымақ ауылы мен Абай көшесінің 7,9 шақырым электр желісі мен 246 дана бағана жаңартылып отыр. Аталған бағыттағы жұмыстар күз айларында толығымен аяқталуы жоспарлануда.