Жаңа оқу жылының басталуына енді көп уақыт қалған жоқ. Бүгінде ата-аналар ұл-қыздарын мектепке дайындауда. Оқушының керек-жарағы аз емес. Оның біраз шығынды қажет ететіндігі белгілі.
Осы орайда Бәйдібек ауданында кәсіпкер 20 отбасыға демеушілік жасап, мектепке қажетті оқу құралдарын алып берді. Бұл туралы аталған аудан әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Кәсіпкер Сәбит Молдабеков биылғы жаңа оқу жылы қарсаңында Борлысай ауылдық округіне қарасты Қошқарата, Кеңсай елді мекендеріндегі тұрмыс жағдайы төмен 20 отбасының балаларына арнап мектепке қажетті оқу құралдарын әперді.
Бәйдібек ауданы Борлысай ауылдық округінің тумасы, қазіргі таңда Алматы қаласының тұрғыны, жеке кәсіпкер Сәбит Молдабеков елі мен жерін ұмытпай, туған жеріне деген перзенттік сүйіспеншілігін білдіріп келе жатқан азаматтың бірі.
Бұл азамат жыл сайын өзінің туған жері Борлысай ауылдық округіндегі тұрмысы төмен отбасыларға демеушілік жасап, көмек қолын созып, қолдау білдіріп келеді.
Туған жерінен жырақта жүрсе де, жерлестерін ұмытпай, әрдайым демеушілік жасап, Борлысай ауылдық округінің дамуына өз үлесін қосып отырған азамат Сәбит Молдабековке жерлестерінің алғысы шексіз.