15 тамыз - Спорт күні кәсіби мерекесіне орай Ордабасы ауданындағы спорт мамандарының арасында дәстүрлі спартакиада өтті. Бұл туралы Ордабасы ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Спортты өмірдің бір бөлшегіне айналдырған сала мамандарының сайысында аудан әкімінің орынбасары Азат Оралбаев сөз алып, жарыс қатысушыларына сәттілік тіледі.
"Бұқаралық спорттың дамуына қосқан үлестеріңіздің арқасында қаншама жас жеткіншектер болашақ чемпион болып өсіп келеді. Бүгінгі мерекені пайдаланып, Сіздерге шығармашылық табыс тілеймін", - деді аудан әкімінің орынбасары.
Қажымұқан Мұңайтпасұлы атамыздың 150 жылдығына арналған бұл реткі бәсекеге спорттың күрес түрімен қатар басқа да спорттық сайыстар ұйымдастырылды.
Нәтижесінде оза шапқан кіл мықтылар анықталып, жеңімпаздарға аудан әкімінің атынан бағалы сыйлықтар мен Дипломдар табысталды.
Айта кетерлігі, аудандық спорт бөлімінің ұйымдастыруымен жыл соңына дейін аудан көлемінде Күш атасы - Қажымұқан Мұңайтпасұлының 150 жылдығына байланысты 150 шара өткізу жоспарланған.
Бұл реткі спорттық жиындардың барлығы карантин талаптарын сақтай отырып өткізілді.
Бұқаралық спортты дамыту, саламатты өмір салтын қалыптастыруды мақсат тұтқан спартакиада алдағы уақытта да жалғаса береді.