Мақтаарал ауданында 280 орындық балабақша пайдалануға берілді. Мемлекеттік "Шолпан" бөбекжай балабақшаcы өткен жылы су тасқынынан зардап шеккен Жеңіс, Жаңатұрмыс, Достық ауылдарының тұрғындары қоныстанған Мырзакент кентінің жаңа мөлтек ауданында ашылды.
Нысанның ресми ашылу салтанатына облыстық адами әлеуетті дамыту басқармасының басшысы Рақымбек Жолаев арнайы қатысып, еліміздің болашақтарын қазірден тәрбиелеу үшін осындай заманауи нысандарды көптеп ашудың маңызы зор екенін атап өтті. Сонымен қатар, аудан әкімінің орынбасары Алтын Ешанқұлова тәуелсіздіктің тұтқасын берік ұстап, ел ертеңін ойлайтын саналы, отансүйгіш азаматтарды тәрбиелеу бағытында ашылған нысанның басшылығы мен ұжымына сәттілік тіледі.
Айта кетейік, облыстық құрылыс басқармасының тапсырысымен жалпы құны 863 миллион теңге қаржыға мердігер "NTR" ЖШС-і нысанның құрылыс жұмыстарын жүргізді. Сондай-ақ, "Батыр Әлем СБ" ЖШС-і техникалық жағынан қадағалаған. Ғимараттың жалпы аумағы 2923,2 метр квадратты құрайды.
Бүлдіршіндерге есігін айқара ашқан мемлекеттік бөбекжай заманауи үлгіде толық жабдықталған. Атап айтқанда, жатын бөлммелері, дәріс беру бөлмелері, ойын бөлмелері, жуынатын бөлмелер, асханасы және медициналық блогы бар. Сондай-ақ, балабақшаның ішкі және сыртқы ойын алаңдарына да ерекше көңіл бөлінген. Өйткені, мұнда білім және тәрбиемен қатар, бүлдіршіндерді спортқа баулуға баса назар аударылатын болады.
Білікті педагогтар балғындарға тағылымды тәліммен қатар, қазақ, орыс, ағылшын тілдерін де үйретеді. Арнай психологтар, логопедтер де жұмыс жасайды. Ең бастысы кішкентайлардың денсаулығы - басты назарда. Ол үшін әрбір тәрбиленушіні дәрігерлер күн сайын тексеріп отырады.