Ордабасы ауданының әкімі Бағлан Батыршаев кезекті іс-сапарында Қараспан және Қажымұқан ауылдық округінің тұрғындарымен кездесті. Бұл туралы Ордабасы ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы аясында ауыл-аймақты аралап, тұрғындардың талап-тілектерін тыңдады.
Әуелі Қараспан ауылдық округіне қарасты Берген ауылдық Мәдениет үйінде тұрғындармен сұрақ-жауап түрінде диалог алаңын құрды.
Ауылдағы коммуналдық мәселелерді салалық бөлім басшыларына тапсырып, күрмеуі шешілмеген көшелер мен нысандардың құрылыс алаңын аралады.
«Облыс әкімінің ауданымызға жұмыс сапары кезінде бірқатар ауылдардағы инфрақұрылымдық жобаларды көрсеттік. Өңір басшысы ел игілігіне қажетті жұмыстарға қолдау білдіретіндігін жеткізді. Ауылдарда құрылыс жұмыстары тоқтап тұрған жол, электр, су мәселесі рет-ретімен шешліп, келесі жылы халық игілігіне берілетін болады», деді аудан әкімі.
Жиын соңында аудан басшысы айтылған сын-ескертпелерді назарға алып, Ақжол, Көлтоған, Сарыарық ауылдарына барып, бірнеше жылдан бері халықты әуреге салған топырақ жолдарға тас, тас жолдарға асфальт төсеу жөнінде құрылымдық бөлім тарапынан арнайы жоба әзірлеуді тапсырды.
Қажымұқан ауылдық округ тұрғындарымен кездесуде күл-қоқыс, ішкі орамдық көшелер, аяқжолдар, көгілдір отын, жол қауіпсіздігі, мал ұрылығы төңірегінде мәселе көтерілді.
Аудан басшысы Темірланды аралау барысында аталған мәселелермен таныс екендігін айтып, азаматарды алаңдатқан сұрақтардың оңды шешілетіндігін жеткізді.