Түркістан облысы бойынша санаққа қатысқандар саны 631 455 адамға жетті. Елімізде өтіп жатқан маңызды науқанға қатысудан облыс халқы көш бастап тұр.
Жалпы, Түркістан облысында 2 млн-нан астам адам тұрады. Халық санағы ел аумағында тұратын халық санының ресми есебін жүргізуге мүмкіндік береді.
Халық санағының қорытындысы өткен 10 жыл ішінде халықтың демографиялық және әлеуметтік-экономикалық дамуында болған экономикалық, демографиялық және әлеуметтік өзгерістерді көрсетеді. Санақ облыс, қала және ауыл халқының санындағы, жынысы мен жасына, неке жағдайына, ұлттық құрамына, азаматтығына, діни сеніміне, білім деңгейіне, тілдерді меңгеруіне, үй шаруашылықтарының саны мен мөлшеріне, тұрғын үй жағдайларына және басқа да сапалық және сандық белгілеріне қарай өзгерістерді анықтауға мүмкіндік береді.
Халық санағының нәтижелері үй шаруашылықтарының жағдайын, неке-отбасы қатынастарын жақсарту, мүмкіндігі шектеулі адамдардың өмірін, халықтың тұрғын үй жағдайларын жақсарту, сондай-ақ білім беру, жұмыспен қамту, туу және көші-қон мәселелері бойынша шешімдер қабылдау жөніндегі мемлекеттік бағдарламаларды әзірлеу үшін қажет.
Тәуелсіз Қазақстанда алғашқы ұлттық халық санағы 1999 жылы, ал екіншісі – 2009 жылы өтті. Ауқымды шараны Қазақстан Республикасы Статистика агенттігі ұйымдастырды. 2018 жылдың сәуір айында Қазақстан халқының пилоттық санағы өтті. COVID-19 пандемиясына байланысты Қазақстан Республикасында 2020 жылға жоспарланған кезекті ұлттық халық санағын өткізу 2021 жылға ауыстырылғаны белгілі.