Түркістан облысының орталығы Түркістан қаласында 1 қыркүйек – Білім күні меркесіне орай Оқушылар сарайында «Мейірімділік» акциясы ұйымдастырылды. Түркістан облысының адами әлеуетті дамыту басқармасының бастамасымен өңірде жүзеге асып жатқан «Мейірімділік» акциясының негізі мақсаты көпбалалы және әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларда тәрбиеленіп жатқан балаларға қолдау білдіру және мектепке баратын оқушылардың білімге деген құштарлықтарын ояту болып табылады.
Акция аясында игі шара өтіп жатқан Оқушылар сарайының ұжымы да мектепке қажетті құрал-саймандар салынған арнайы сөмке дайындапты. Оқушылардың білім алуларына көмектесетін бұйымдар мен заттар киелі қаланы мекен еткен жүз шақты көпбалалы отбасына табыс етілді.
«Мейірімділік» акциясы арнайы қатысқан Түркістан облысының адами әлеуетті дамыту басқармасының басшысы Рақымбек Жолаев сөз алып, балаларды көптен күткен мерекемен құттықтады. Сонымен қатар, дәл осы ізгі шараның өтуіне, осындай қайырымды істің жүзеге асуына мұрындық болып қана қоймай өздері де атсалысып кіріскен Оқушылар сарайы ұжымының басшысы, директоры Индира Сарқытқызына алғыс білдірді.
Қазақтың ұлы ақыны, ойшыл хәкім Абай Құнанбайұлының он төртінші қара сөзіне жүгінетін болсақ, «Нағыз жүрек ісі рақымдылық, мейірбандылық және әр түрлі істе адам баласының бәрін өзіне тартып, бауырым деп, өзіне ойлағандай оларға да болса игі еді» деп жазғанындай мұндай шаралар көмекпен қатар, бала бойындағы ізгілікті арттыруға да әсер ететіні сөзсіз.