Түркістан облысының Мақтаарал ауданындағы 68 елді мекендердің 68-і таза ауыз сумен қамтылған. Бұл көрсеткіш сумен қамтамасыз етудің 99,9 пайызын құрап тұр. Бұл туралы Түркістан облысы әкімі аппаратының баспасөз қызметі хабарлады. Дегенмен, жергілікті билік кейбір елді мекендерде ауыз су жүйесінің ескіріп тозығы жеткенін жасырмайды.
Бұл мәселені бес саусағындай жетік білетін Мақтарал ауданының әкімі Бақыт Асанов әкімдік қызметкерлері алдына халықты таза ауыз сумен қамтамасыз етуді басты мақсат етіп қойған. Бұл бағытта жұмыстар жүйеленіп, жұмыстар жоспары жасалған. Сол межеленген тірліктер кезең кезеңімен жоспар бойынша біртіндеп жүзеге асып келеді. Бұндай маңызды шаруаның сапалы орындалуын қадағалау аудан басшысының бір сәт болса да назарынан тыс қалған емес. Өткен аптада аудан басшысы ауыз су жүйелері жаңарып жатқан ауылдарды аралап, нысандардың құрылысымен танысты.
Қазіргі таңда 4 елдімекенде ауыз су жүйелеріне қайта құру жұмыстары, 5 елдімекенде ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Бақыт Насырханұлы нысандардың құрылыс жұмыстарының сапасын тексеріп, мерзімі бойынша орындалуын қадағалады.
2021 жылға бюджеттен жалпы 837,4 миллион теңге қаржы қаралып, "Дәнекер" ЖШС тарапынан Атакент кентіндегі 13 көшенің және Береке, Иіржар, Есентаев елдімекендерінің ауыз су жүйелеріне қайта құру жұмыстары жүргізілуде. Аталған 4 ауыз су нысандарының 3-еуі биыл пайдалануға берілетін болады.
Айта кетейік, жергілікті бюджеттен 75,8 миллион теңге қаржыға Үлгілі, Табысты, Шұғыла, Мәдениет, Азамат елдімекендерінің ауыз су жүйелеріне ағымдағы жөндеу жұмыстары да жүргізілуде.