Шардара су қоймасы толық жөндеуден өткеннен кейін 7 балдық жер сілкінісіне шыдас беретін сейсмикалық төзімділікке ие болады. Қойма бөгетінің сейсмотұрақтылығын қайта жаңғырту және арттыру құрылысымен танысуға келген еліміздің экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешов пен Түркістан облысы әкімі Өмірзақ Шөкеевті жергілікті тұрғындар сұрақтың астына алды. Мақтаарал, Жетісай және Шардара аудандарының тұрғындары оңтүстік аудандардағы ағын суға қатысты маңызды мәселелерді Үкіметке жеткізуді талап етті.
Сырдария өзені тартылып, Шардара су қоймасының толмай қалуынан биыл жаз айларында судың сапасы нашарлап, залалсыздандыру жұмыстары күрделенді. Шардаралықтар тіршілік нәрінен тарықты. Бұған жауын-шашынның аз түсуі мен қуаңшылық, одан қалды көршілес елдерден келетін судың кемуі себеп. Ал Шардара су қоймасындағы суды сүзгіден өткізіп, тазалайтын станцияның жұмысы тікелей судың деңгейіне байланысты. Теңізде су тартылса, жұмыс та тоқтайды. 80-жылдары қолданысқа берілген қаланың бас су таратушы станциясы әбден ескіріп, тозығы жеткен. Пайдаланымдағы қондырғылары өндірістен алынып тасталған, ешқандай зауытта жасалмайды.
Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев мәселені түбегейлі шешу үшін қаладан 34 шақырым қашықтықта, құмның ішінде орналасқан су қоры жеткілікті «Тастанбек» жер асты суын жеткізу қолға алынғанын жеткізді. Су сапасы сынақтан өтті. Ендігі кезекте республикалық бюджеттен қаржыландыру қажет. Жобаны келер жылы толық жүзеге асыру көзделген.
Жиналған жұрт бұл аймақтардағы ағын су мәселесін де түбегейлі шешуді талап етуде. Тік денажды ұңғымалар суармалы жерлердің сортаңдануын болдырмау мақсатында жер асты суларының деңгейін төмендетуге арналған. Тұздану жоғары негізгі өңірлер Жетісай, Мақтарал және Шардара аудандары болып табылады. Мақтаарал және Жетісай аудандарында суармалы жерлердің ауданы 136 мың га құрайды, кеңес уақытында 842 бірлік жұмыс істеді, КСРО ыдырағаннан кейін ТДҰ жарамсыз күйде.
Суармалы жерлердің мелиорациялық жай-күйін барлық жерде жақсарту және олардың құнарлылығын арттыру мақсатында, сондай-ақ суаруға пайдалану мүмкіндігі үшін тиесілігі мен меншігіне қарамастан, істен шыққан барлық тік дренаж ұңғымаларын қалпына келтіру және реконструкциялау жөнінде кешенді жұмыстар жүргізу қажетілігі туындауда. Айта кетейік, Жетісай ауданы бойынша Ислам даму банкі есебінен жоспарланған 210 дана тік дренажды ұңғымалардың жобасы екі кезеңмен іске асырылмақ.
Жетісай ауданы бойынша тік дренаж (СВД) ұңғымаларының жұмыс істеу қабілетін қалпына келтіру нәтижесінде Жетісай ауданының жалпы ауданы 37 059 га Шардара ауданында 64 513 га суармалы жерлерінің мелиорациялық жай-күйі жақсарады. Шардара және Жетісай аудандарында 512 тік дренажды ұңғымалардың Ислам Даму Банкінің (ИДБ) қаржысы есебінен іске асырылады.
Жиналған тұрғындар көтерген мәселелері бойынша жан-жақты жауап алды. Маңызды мәселелердің шешу жолдары жайлы айтылып, бұл бағытта жүргізіліп жатқан жұмыстар ортаға салынды.
Халық игілігі үшін жасалатын жұмыстар жалғаса береді. 2019 жылы су нысанының қабырғаларын нығайтуға республикалық бюджеттен 7 млрд 733 млн теңге қаражат бөлінген. Осылайша жарты ғасырдан астам уақыт бұрын салынған су қоймасын кезең-кезеңімен жаңғырту жұмыстары қарқынды жүзеге асырылуда. Су қоймасының құрылысы 2022 жылы толығымен аяқталады деп жоспарланып отыр. Қазіргі таңда жаңғырту жұмыстары жоспарға сәйкес жүргізіліп жатыр.
Айта кетейік, Шардара су қоймасының жалпы сыйымдылығы 5 млрд 200 млн текше метр. Алдағы уақытта су қоймасына сандық технологияларды енгізуді де жоспарлап отыр. Құрылыс жұмыстары аяқталғаннан кейін су бөлу және оны есептеу жұмыстары толығымен автоматтандырылмақ. Су қоймаға электронды есептеуіш құралдары қойылады. Бөгеттен шығып жатқан сулардың барлығы компьютер арқылы есептеліп отырады.
Жұмыс сапары барысында ҚР экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешов пен Түркістан облысы әкімі Өмірзақ Шөкеев «Хамит» АӨК балық өңдеу цехының жұмысымен танысты. Шардара су қоймасының жанында орналасқан кооперативтің негізгі қызметі – балық аулау, балық өсімін молайту, балық және балық өнімдерін өңдеу мен сату. Онда 300-ге жуық адам жұмыс істейді. Зауыттың өндірістік қуаттылығы жылына 6000 тонна шикізатты өңдеуге мүмкіндік береді. Мұнда тірі және мұздатылған балық, кептірілген және ысталған балық өнімдері өндіріледі. Кәсіпорынмен өндірілген өнім ішкі нарықта үлкен сұранысқа ие, сонымен қатар Евроодақ елдеріне, Ресей, Украина, Израиль, АҚШ, Қытай елдеріне эспортталады, яғни өндірілген өнімнің 75%-ы шетелге экспортқа шығарылады.
Өнімді өндіруге Шардара су қоймасынан ауланған шикізат пайдаланылады, сонымен қатар Қазақстанның балық шаруашылық ұйымдарынан (Каспий, Арал, Зайсан көлдерінен), Ресейден шикізат сатып алынады. Жалпы, Шардара ауданы балық өсіруге қолайлы вегетациялық кезеңнің ұзақтығын екенін ескере келе, бар мүмкіндікті пайдаланған жағдайда тауарлы балық өсіру көлемін 10 мың тоннаға жеткізуге мүмкіндік бар.