Түркістан облысының Сайрам ауданында бокстан жасөспірімдер арасында Түркістан облысының біріншілігі басталды. Аудан орталығындағы «Қайрат» спорт кешенінде былғары қолғап шеберлері бәсекесіне өңірімізден іріктелген 213 спортшы қатысып, 14 салмақ дәрежесінде жеңімпаздарды анықтайды. Бұл туралы Түркістан облысы әкімі аппаратының баспасөз қызметі хабарлады.
Сансыз бабтар мекені Сайрам төрінде шаршы алаңға шыққан жас боксшылар жарысқа жоғары дайындықтарымен келіп, бас жүлде үшін күш сынасуда. Боксшылар арасында бірінші болып рингке көтерілген, 44 келі салмақ дәрежесінде сынға түсен Созақ ауданының спортшысы Жақсылық Елубай алғашқы кездесуінде жеңіске жетті. Бабы келіскен боксшы бұқаралық ақпарат құралдарына өзінің дайындығы мен алдағы мақсатын айтып, жоспарымен бөлісті.
Облыс біріншілігіне арнайы келген бокстан Түркістан облысының жасөспірімдер арасында аға жаттықтырушысы Талғат Әліпбеков осы турнирде республикалық жарыстарда өңірдің атынан сынға түсетін боксшылардың іріктелетінін айтады. Бұл сайыста мықты деп танылған спортшыларды алдағы ел ішілік жарыстарда облыс намысын қорғайды деген сенім білдірді.
Айта кетерлігі, облыстық Денен шынықтыру және спорт басқармасының мәліметінше, апта бойына жалғасатын былғары қолғап
шеберлерінің бәсекесінде топ жарған жеңімпаздар қазан айының 12-17 күндері аралығында Батыс Қазақстан облысының орталығы Орал қаласында өтетін Қазақстанның аймақтық жарысына қатысады.