Түркістан облысы Полиция департаментінің мәжіліс залында ішкі істер органдарындағы мемлекеттік тіл рөлінің дамуы мен күшеюіне қосқан үлесі үшін және Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы мен Тілдер күнін мерекелеуге байланысты салтанатты жиын өтті. Онда қызметтерін адал атқарған бірқатар тәртіп сақшылары мен спорттық жарыстардан жүлделі орынға ие болған полицейлер марапатталды. Бұл туралы Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
Атап айтсақ, Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевтың Алғыс хатымен полиция аға лейтенанты Хусниддин Мамаджанов пен полиция аға сержанты Эльяр Мұхаметжанұлы марапатталып, тағы бір полиция қызметкеріне алғыс жарияланды.
Сонымен бірге, Өзбексстан Республикасының астанасы Ташкент қаласында өткен ерлер мен әйелдер арасындағы «Самбо» күресінен үшінші орынды және Беларусь Республикасының астанасы Минск қаласында өткен «Беларусь Республикасының Президент Кубогында» «Самбо» күресінен әйелдер арасында екінші орынды жеңіп алған полиция лейтенанты Перизат Жақыпбекова да марапатталды. Сонымен қатар, «Беларусь Республикасының Президент Кубогында» «Самбо» күресінен үшінші орынды иеленген полиция лейтенанты Айнұр Ақжігітова және Маңғыстау облысы Ақтау қаласында өткен «Самбо» және «Жауынгерлік самбо» күрестерінен полиция капитаны Жәнібек Айдарбек үшінші орынды, полиция лейтенанты Ерболат Омарқұл үшінші орынды, белбеу күресінен ерлер мен әйелдер арасында Қазақстан Республикасының Кубогында Командалық есепте бірінші орын алғаны үшін полиция лейтенанты Төребек Молдаш пен Сәкен Жақсыгелді арнайы кубокпен және дипломмен марапатталды.