Түркістан облысынан Президенттік жастар кадр резервіне 88 үміткер құжаттарын тапсырып үлгерген. Кандидаттардың құжаттары осы жылдың 30 қыркүйегіне дейін pkrezerv.gov.kz сайтында қабылданады. Бұл туралы Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
Іріктелуге 35 жастан аспаған, жоғары білімі және кемінде бес жыл жұмыс өтілі бар Қазақстан Республикасының азаматтары қатыса алады. Сонымен қатар, мемлекеттік тілді жетік меңгерген, орташа деңгейден төмен емес деңгейде білетін мамандар Президенттік жастар кадр резервіне үміткер бола алады.
1 қыркүйекте Президент жанындағы жастар кадрлық резервіне іріктеудің екінші кезеңі басталды. Елдің мемлекеттік сектор резерві қатарына 50 адам қабылданады деп жоспарлануда. Іріктеудің басым көпшілік кезеңдері онлайн форматта өткізіледі. Резервке алынған тұлғалар саяси лауазымдарға, «А» корпусының әкімшілік мемлекеттік лауазымдарына және «Б» корпусының басшылық лауазымдарына тағайындалуы әбден мүмкін. Президент жанындағы жастар кадрлық резерві құрамында болу мерзімі үш жылды құрайды.
Бұл жолғы Президент жанындағы жастар кадрлық резервіне іріктеуің жаңашылдығы – үміткерлер мемлекеттік тілді меңгеру деңгейін растауы міндетті саналады. Мемлекеттік тілді меңгеру ұлттық стандарттарға сәйкес орташа деңгейден (В1) төмен болмауы тиіс. Үміткерлердің мемлекеттік тілде мәтін құруы, өз пікірін дәлелді түрде жеткізуі және қарапайым диалог жүргізе алуы керек. Және осыған дейінгі іріктеуден айырмашылығы, кадрларды іріктеу процесі тек қажетті білімді, дағды мен қабілетті ғана емес, сонымен қатар үміткерлердің шынайы мотивтері мен олардың ниеттерін бағалайтын болады.