Түркістан облысында биыл жаңа оқу жылынан бастап бастауыш сынып оқушылары ыстық тамақпен қамтылатын болды. Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының айтуынша, жаңа оқу жылында облыс мектептеріндегі бастауыш сыныпта 200 мыңнан астам бала білім алады деп жоспарлануда.
Бүгінге дейін аймақтағы әлеуметтік осал топтағы отбасылардағы 31 577 оқушы тегін ыстық тамақпен қамтамасыз етілген. Қалған 1-4 сыныптағы оқушылар тегін тамақпен қамту үшін облыстық мәслихаттың сессиясына ұсыныс жасалыпты.
- Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 1-4 сынып оқушыларын мектепте тегін тамақпен қамту туралы тапсырма берген болатын. Президенттің бұл бастамасы балалардың денсаулығына, жақсы дамуына, оқу үлгерімін және әл-ауқатын жақсартуына оң әсер ететіні сөзсіз. Сондықтан да жаңа оқу жылынан бастап бастауыш сынып оқушыларын ыстық тамақпен қамту мәселесін мәслихат сессиясына қойдық. Қазір бұл мәселе өзінің оң шешімін тауып, депутаттар тарапынан да қолдау тауып отыр, - дейді облыс әкімі.
Облыс әкімі Дархан Сатыбалдының тікелей қолдауымен аталған мәселе бүгінде оң шешімін тауып отыр. Алдағы уақытта облыстық бюджет есебінен аймақтағы бастауыш сынып оқушылары 100 пайыз ыстық тамақпен қамтамасыз ету үшін 6 миллиард 287,7 миллион теңге бөлінген. Бұл жаңалық аймақтағы барлық ата-аналарды да, балаларды да қуантатыны анық. Себебі бұған дейін тегін ыстық тамақ оқушыларға тек әлеуметтік жағдайына қарай беріліп келген.
Айта кетерлігі, оқушыларды ыстық тамақпен қамту осы жылдың соңына дейін қарастырылған. 2024 жылы қосымша қаржы бөлуге Адами әлеуетті дамыту басқармасы ұсыныс жасайды.