Сарыағаш ауданында балалардың демалысы қызықты өту үшін барлық жағдай жасалған. Сарыағаш ауданының әкімі Арман Абдуллаевтың айтуынша, биыл ауданда жалпы 2000 баланы жазғы лагерге қатыстыру жоспарланған.
- Аудан бойынша көп балалы және аз қамтамасыз етілген отбасы балаларына «Балдаурен» лагеріне 270 тегін жолдама ұйымдастырылған. Осы жылы балалар 5 маусым демалатын болады. Екінші маусымда 500 бала жазғы демалысын өткізуде. Барлық 5 маусымда 27 қызметкер және аудандық ішкі істер бөлімінің қызметкерлері қызмет атқарады, - дейді аудан әкімі.
Ал аудан әкімдігі білім бөлімінің басшысы Дәулет Акатовтың айтуынша, ауданда кәсіпкерлер балаларға қуаныш сыйлап, «Балдәурен» жазғы лагерінің ашып, жұмысын бастап кеткен. Бірінші жазғы сауықтыру мамсымында 270 бала демалса, келесі маусымдарда 500 баладан демалуда екен. Жуырда ол келесі маусымның ашылуына қатысты.
Лагерде ұйымдастырылған салтанатты кеш еліміздің әнұранымен басталды. Салтанатты кешті аудандық білім бөлімінің қызметкерлері мен сауықтыру орталығының директоры өздерінің балаларға деген ыстық лебіздерін жеткізе отырып ашып берді. Балалар ән айтып, би билеп өз өнерлерін көрсетті.
- Балалар сауықтыру орталығының күнделікті өткізілетін іс-шара жоспарына сәйкес демалады. Балалар күнделікті 5 мезгілдік ыстық тамақпен қамтылған. 10 күндік демалыс кестесіне сәйкес жоспар бекітіліп, сол негізде жас ерекшеліктеріне қарай балаларға арналған ойындар, ән-би, концерттік бағдарламалар мен спорттық жарыстар ұйымдастырылады. Сонымен қатар жас ерекшеліктеріне қарай бассейнге шомылу уақыттары да бекітілген. Таңертең таңғы жаттығулар жасап, тәлімгерлер көмегімен әртүрлі ойындарға, үйірмелерге қатысады. Әртүрлі байқаулар, спорттық жарыстар, кешкісін балаларға арналған би кештері ұйымдастырылады, -дейді аудан әкімдігі білім бөлімінің басшысы Дәулет Акатов.