Ордабасы ауданы адами әлеуетті дамыту бөліміне қарасты, жалпы білім беру ұйымдарына, 9-15 жас аралығындағы әлеуметтік аз қамтамасыз етілген, атаулы арнайы көмек алатын, арнайы есепте тұратын, үздік оқушылардан 1000 оқушыны қала сыртындағы лагерлерге жіберу жоспарланған.
Қазіргі таңда Шұбарсу ауылында орналасқан жалпы білім беру ұйымдарынан 270 оқушы Төлеби ауданында орналасқан «Тау шыңы», «Біркөлік шатқалы» жазғы сауықтыру лагерлерінде демалуда. Осы жылдың 3 тамызына дейін жоғарыда аталған жазғы сауықтыру лагерлерінде балалар толық қамтылады.
Тау бөктерінде орналасқан жазғы сауықтыру лагерлеріне барған оқушылардың жүздерінде күлкі, көңілдері көтеріңкі, қуанышты.
– Жаз айлары – мектеп оқушылары үшін ерекше ықыласпен күтетін уақыт. Жыл бойы сабақ барысындағы тоқсан арасындағы берілетін күндер демалыс болып есептелгенімен, жаз кезіндегідей демалыстың мол мүмкіндігін бере алмайды. Денсаулықты нығайтуға қолайлы жазғы күндерді дұрыс пайдалану және әрбір баланың денсаулығын түзеуге және шынықтыруға ұмтылу, тыныға жүріп, түрлі бағыттағы іс-шараларға тарту арқылы тәрбиелеу маңызды. Балаларымызға, жаз мезгілінде жазғы сауықтыру лагерлерінде, денсаулықтарын нығайтып, көңілді өткізуін тілейміз! – дейді ата-ана Құралай Маметалиева.