Қазығұрт ауданында үздік оқушылар жазғы сауықтыру лагерлерінде демалуда. Жадыраған жаз айында мектеп оқушылары лагерлерге баруға асығады. Қазығұрт ауданының адами әлеуетті дамыту бөлімі қызметкерлерінің айтуынша, аудандағы оқушылардың демалысы қызықты өтуі үшін барлық жағдай жасалған.
Бүгінгі таңда қазұғырттық оқушылар Төлеби ауданы, Қасқасу ауылдық округіндегі «Көктөбе» жазғы сауықтыру лагерінде демалуда.
- Жуырда қазығұрттық 200 үздік оқушы «Көктөбе» жазғы сауықтыру лагеріне демалуға жіберілді. Табиғат аясындағы демалыстарын асыға күткен балалар лагердегі күндерін жақсы көңіл күймен бастап кетті. Жазғы балалар сауықтыру лагерінде спорттық сайыстар мен түрлі ұлттық, заманауи би жарыстары ұйымдастырылады. Сондай-ақ балалар дәруменге бай тағамдармен тамақтанып, суға түсу, танымдық сайыстар тағы солсияқты сауықтыру шараларына лагер қызметкерлерімен бірге белсене қатысуда. Балалар жаңа ортада жаңа құрбы-достар тауып, жүздерінде күлкі, көңілдері көтеріңкі қалпында демалыстарын сәтті өткізуде, - дейді Қазығұрт ауданының адами әлеуетті дамыту бөлімі қызметкерлері.
Облыстық білім басқармасы қызметкерлерінің айтуынша, биыл 41597 баланы қала сыртындағы сауықтыру лагерлерінде демалдыру жоспарланса, 153 мың оқушы мектеп жанындағы лагерлерге тартылған. Онда әлеуметтік жағдайына байланысты 23207 бала бюджет есебінен тегін демалуда. Сонымен қатар «Қазақстан Халқына» Қоры есебінен облыста 3390 бала жазғы сауықтыру лагерлерімен тегін қамтылуда. Облыста 7 мемлекеттік және 10 жекеменшік лагерь жұмыс істеуде. Демалыс лагерлерінде балалардың қауіпсіздігі басты назарға алынған.