Мақтаарал ауданы Атакент кентінде «Жайлы мектеп» жобасы аясында 1500 орындық мектептің құрылысы басталды. «Самұрық қазына» акционерлік қоғамының қаржыландыруымен салынып жатқан алып нысан 2024 жылдың соңында пайдалануға берілемекші.
Өткен аптаның соңында «Самұрық қазына» акционерлік қоғамының Түркістан облысы бойынша өкілдері Ербол Ахмет пен Сәкен Әшірбай Мақтаарал ауданына жұмыс сапарымен келіп, нысанның құрылысымен танысты. Сондай-ақ, «Жайлы мектеп» жобасы бойынша мектептер салынатын басқа да елдімекендерге барып, жер телімдерін көрді.
1500 орындық мектептің бас жобалаушысы «Envicon-a» ЖШС-і болса, құрылысын бас мердігер "Bazis Construction" ЖШС-і жүргізуде. Құрылыс нысанының аумағы 4 гектардан астам жерді құрайды.
Жайлы мектептер пәндік кабинеттермен, оның ішінде робототехника, кең жолақты интернет, жаңа модификацияланған кабинеттермен жабдықталып, оқушылардың сапалы білім алуларына, түрлі үйірмелерге қатысуына, спортпен айналысуларына, жоғары және бірінші санатты мұғалімдер құрамының пайыздық үлесін, педагогикалық қызметкерлердің біліктіліктерін арттыруға толықтай жағдай жасалатын болады.
«Жайлы мектеп» жобасы аясында Мақтаарал ауданында жалпы 5 мектептің құрылысы жоспарланған. Нақтырақ айтар болсақ, Атакент кентінде 1500 орындық және 900 орындық мектептердің құрылыстары, Жамбыл ауылдық округінің Абай елдімекенінде 900 орындық мектеп құрылысы, А.Қалыбеков ауылдық округіндегі Үлгілі елдімекенінде 600 орындық мектеп құрылсы және Нұрлыбаев ауылдық округіндегі Ынталы елдімекенінен 300 орындық мектептің құрылыстары жүргізілетін болады.