Ордабасы ауданындағы Шұбарсу ауылдық округіндегі Шұбарсу ауылында 2 мың орындық мектеп салынуда. Аудан әкімі Нұрбек Бадырақов Шұбарсу ауыл округіндегі мектеп құрылысының барысымен танысты. Білім ошағының құрылыс жұмысын «Игілік-Құрылыс 2030» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізуде. Аталған мектептің құрылысы өткен жылы басталған.
Серіктестік өкілдерінің айтуынша, жоба құны-4,5 миллиард теңгені құрайды. Нысанды осы жылдың қыркүйегінде аяқтап, пайдалануға беру жоспарлануда. Бүгінгі таңда құрылыс жұмыстарының 80 пайызы аяқталған. Есік, терезелер орнатылған. Ішкі қабырғалар сыланып, әрлеу жұмыстары жасалынуда. Компания өкілдерінің айтуынша мектепке қойылып жатқан есік-терезелер өз цехынан шығып жатыр екен. Аудан әкімі құрлыс жұмыстарын талапқа сай атқарып, мерзімінде тапсыруды міндеттеді. Сондай-ақ аудан басшысы Найман-2 алабын табиғи газбен қамтудың 3 кезеңінің құрылыс жұмыстарымен, Жаңа-1 алабындағы ауыз сумен қамтудың 5 кезеңінің құрылыстарымен танысты.
Қазіргі таңда Шұбарсу ауылын ауыз сумен қамту жұмыстарының құрылысы бойынша су бастау аумағында су жинақтау резервуарының құрылыс жұмыстары жүргізілуде.
Бұдан кейін аудан әкімі Нұрбек Бадырақов Шұбар ауылдық округіне жасаған жұмыс сапары барысында Аққойлы ауылында құрылысы жүріп жатқан «Ақбастау» атындағы 100 орындық мектепте болды.
Құрылысы 2021 жылдың тамыз айында басталған білім ошағында қазіргі таңда жаңа оқу жылына әзірлік жұмыстары қызу жүргізілуде.
Аудан әкімі тиісті сала басшыларына мектеп құрылысында қандай да бір кемшілік орын алған жағдайда мердігермен бірге дереу ретке келтіруді, мектепті жаңа оқу жылына дайындауға белсене кірісуді тапсырды.
Жалпы ауданда 70 мектеп бар болса, оларда 37449 оқушы білім алады. Бір мектеп үш ауысымда оқу процессін жүргізсе, 50-і типтік мектеп, 16 мектеп ыңғайластырылған.
- «Білімді ұлт» сапалы білім беру» ұлттық жобасы аясында биыл 6 нысанның құрылысы жүргізіліп, 3 нысанның құрылысы аяқталған. Олар Дербес елді мекеніндегі С.Мұханов, Мақташы ауылындағы З.Исабеков атындағы және Аққойлы елді мекеніндегі Ақбастау орта мектебтері. Қалған үш мектептің құрылысы 2024 жылға өтпелі. Ал жеке инвестициялар есебінен 2022 жылы төрт жеке меншік мектеп пайдалануға берілген бьолатын. Бүгінде Шұбарсу ауылындағы 280 орындық Бақтөре, 150 орындық Зейін ашу», 287 орындық Қозыбақ атындағы және Қайнар ауылындағы 240 орындық Дулат мектері қалыпты режімде жұмыс істеуде, ал биыл тағы 4 жеке меншік мектеп пайдалануға беріледі деп жоспарлануда, - дейді аудан әкімі Нұрбек Бадырақов.