Төлеби ауданының орталығы Ленгір қаласында 80 орындық оқушылар үйінің құрылысы басталды. Төлеби ауданының әкімі Төлеген Телғараевтың айтуынша, заманауи жаңа ғимараттың жалпы аумағы 1580 шаршы метрді құрайды. Қазіргі таңда ғимараттың ішкі әрлеу және монтаждау жұмыстары жүргізілуде.
- Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауында білім саласына елеулі көңіл бөлінген. «Келесі маңызды мәселе – білім беру жүйесі туралы. Бұл сала ұлт сапасын жақсарту ісінде аса маңызды рөл атқарады» деп білім саласының маңыздылығына тоқталған еді. Сондай-ақ «Орта білімнің сапасы – табысты ұлт болудың тағы бір маңызды шарты. Әрбір оқушының білім алып, жан-жақты дамуы үшін қолайлы жағдай жасалуға тиіс. Сол үшін «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы қолға алынды» деген Президент мектеп құрылысының жұмысын жандандыруды жергілікті жерлердегі әкімдерге тапсырды. Бүгінгі таңда ондаған білім ошақтарында күрделі жндеу жұмыстары жүргізілуде. Бүгінгі таңда Леңгір қаласында білім саласында көп жұмыс атқарылуда. Мемлекет білімді де, дарынды балаларды қашанда қолдауға дайын. Соның бірі қаламызда құрылысы жүріп жатқан 80 орындық оқушылар үй, - дейді аудан әкімі.
Ондағы құрылыс жұмыстарының барысымен танысқан аудан әкімі Төлеген Телғараев мердігер мекеме басшысына жұмысты көрсетілген мерзімге дейін аяқтап, пайдалануға беру қажеттігін тапсырды. Ал, жауапты сала басшыларына құрылыстың сапалы болуын қадағалауды жүктеді.
Аталған нысан құрылысын ағымдағы жылы аяқтау жоспарланып отыр. Мектеп оқушыларының бос уақытын тиімді ұйымдастыру мақсатында мұнда жеңіл атлетика, еркін күрес, қолөнер бағытында «мүсінші», «тігінші» және тілдік бағытта «өнерлі бала» үйірмелері жұмыс істейтін болады.