Түркістан қаласында кезекті ауқымды спорттық іс-шара басталды. Түркістан қалалық Балалар мен жасөспірімдер спорт клубы халық арасында кең тараған ойын түрлерінен қалалық біріншілік өткізуде.
Жарысқа қатысушылар асық ату, ләңгі тебу, секіргіште секіру, белтемірге тартылу, сақинаға доп лақтыру және тағы басқа спорт түрлерінен бақтарын сынап жатыр.
Жарыстың ашылу салтанатында Түркістан қаласы әкімінің орынбасары Ерлан Күзембаев шараның мақсатына тоқталды.
– Естеріңізде болса, осыдан бір ай бұрын еліміздің рухани астанасы Түркістанда өткен Ұлттық құрылтайда білім саласына қатысты ұзақ мерзімге арналған идеологиялық басым бағыттар талқыланып, нақты шешу жолдары ұсынылған болатын. Сол екі күнге жалғасқан кеңесте ел үшін маңызды мәселелердің түйіні тарқатылып, жүйелі ұсыныстар, кесімді шешімдер айтылды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттық бірегейлігімізді нығайтып, еліміздің жаңа құндылықтарын орнықтыруда үкімет пен қоғам күш біріктіріп жұмыс істесін деп тапсырма берді. Әділетті Қазақстанды Адал азаматтар ғана құрады. Мемлекет басшысы Адал азаматқа тән қасиеттер әрбір жастың бойынан табылуға тиіс деді. Ұлттың жаңа болмысы білім, ғылым, мәдениет пен спорт саласын дамыту арқылы қалыптасады. Осы бағытта бізге орасан зор жауапкершілік пен міндет жүктеліп отыр. «Тәрбие тал бесіктен басталатынын» ескере отырып, өскелең жас ұрпақтың бойына адалдық қағидаттарын сіңіреміз десек, ең алдымен оған өзіміз өнеге көрсетер тұлға болуымыз керек. Ал бүгін Түркістанда жүзеге асып кезекті жобаның мақсаты – халық арасында салауатты өмір салтын ұстануды дәріптеу, балаларымыздың спортқа деген құштарлығын арттыру. Бұл мақсаттағы шаралар жүйелі жалғасады, – деді Ерлан Күзембаев.
Бұл айтулы іс-шара облыста 25 тамызға дейін жалғаспақ. Оған олбыстың барлық аудандарының білім мекемелерінің оқушылары қатысады.