Түлкібас ауданында салынып жатқан мектептер көп. Соның бірнешеуін биыл пайдалануға беру жоспарланған. Түлкібас ауданының әкімі Нұржан Ізтілеуовтың айтуынша, ауданда жалпы құны 1200 миллион теңгені құрайтын 300 орындық Майлыкент жалпы орта мектебінің құрылыс жұмыстарының аяқталып, пайдалануға берілген.
Бұдан бөлек, ауданда 150 орындық Тұрсынбеков атындағы негізгі мектеп пен Г.Титов атындағы жалпы орта мектептің, сонымен қатар 300 орындық Бақыбек шағын ауданындағы және Ынтымақ ауылындағы А.Оразбаева атындағы жалпы орта мектептің құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатыр.
- 2023-2025 жылдары Түлкісбас ауданында төрт жаңа мектептің, екі қосымша ғимараттың құрылысын жүргізу жоспарланған. Одан бөлек, «Жайлы мектеп» жобасы аясында Т.Рысқұлов ауылында 600 орындық, Састөбе елді мекенінде 300 орындық екі мектептің құрылыс жұмыстарын жүргізу көзделіп отыр. Қосымша Тастұмсық елді мекеніне 600 орындық мектептің құрылысына ұсыныс берілсе, Көкбұлақ және Көктерек ауылдарына 150 орындықты мектеп құрылыстарына жобалық-сметалық құжаттамасы дайындалуда, - дейді аудан басшысы.
Сонымен қатар, аудан әкімі аудандағы құрылыс жұмыстарының 6 айлық көрсеткішіне тоқталды. Бұл ретте, құрылыс жұмыстарының көлемі 6 айдың қорытындысымен 1 961,2 миллион теңгеге жетіп, нақты көлем индексі 127 пайызды құраған. Сондай-ақ, 7 860 шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген. Ал инфрақұрылым бойынша 2023 жылы төрт елді мекеннің дамуына берілген жер телімдерінің инженерлік инфрақұрылым құрылысына 693,3 миллион теңге қаралған.