Төлеби ауданындағы Біркөлік шатқалында орналасқан туристік-спорттық лагерінде «Жас құтқарушы» атты мектеп оқушылары арасында облыстық оқу-жаттығу слеті өтті.
Түркістан облыстық білім басқармасының басшысы Дінислам Болатханұлының айтуынша, «Жаз қызығы – көңілді демалыс» атты жазғы демалыс уақытындағы іс-шаралар жоспарына сәйкес Түркістан облысы білім басқармасы «Облыстық жас туристер станциясы» Төлеби ауданы, Біркөлік шатқалында орналасқан туристік-спорттық лагерінде «Жас құтқарушы» атты мектеп оқушылары арасында облыстық оқу жаттығу слетін ұйымдастырған.
- Өздеріңіз жақсы білесіздер, Түркістан қаласында өткен құрылтайда Президентіміз алдымызға үлкен міндеттер қойды. Соның бірі - мектеп оқушылары арасында жалпыадамзаттық және ұлттық құндылықтарды дәріптеу туралы да міндет қоя отырып, Мемлекет басшысы «Отаншылдық және мемлекетшілдік қасиет әр баланың бойынан табылуы керек» деп атап көрсетті. Оған қоса балалар мен жасөспірімдерді тәрбиелейтін патриоттық ұйымдардың жұмысын жандандыру керек деп те тапсырма берді. Бұл мәселе бойынша бүгіннен бастап түрлі іс-шаралар қолға алынып, мектептер мен жазғы сауықтыру лагерьлерінде ол бағыттағы жұмыстар басталып кетті. Сондай-ақ, балалардың бойында елге құрмет, жерге сүйіспеншілік сезімдерін қалыптастыру, оларға экология туралы тәрбие беру үшін мектеп қабырғасында оқушылардың еріктілер клубтары құрылып, жүйелі жұмыс істеуі қолға алынды. Өскелең жас ұрпақ кемел адам болып қалыптасуы үшін олардың өз тарихы мен мәдениетін, ұлттық құндылықтарын біліп өсуі маңызды. Біз балалардың сапалы білім алуымен қатар, рухани дамуын, дүниетанымы кең болуын да қамтамасыз етуіміз қажет. Бұл бағытта Президент мектепте оқушылардың тұлға болып қалыптасуына ықпал ететін дәрістер ұйымдастыруды тапсырды. Оған медиасауат, құқық, қаржы сауаты тақырыптарын енгізу – жаһанданған заманның талабына айналып отыр. Басқарма тарапынан балалар лагерінде ұйымдастырылған іс-шара да балалардың бойындағы патриоттық сезімін арттыра түседі деген сенімдемін, - деді басқарма басшысы.
Слетке «Облыстық жас туристер станциясы» коммуналдық мемлекетті мекемесіне қарасты қала, аудандық бөлімдердің құрама топтарынан жалпы саны 120 оқушы қатыстырылды. Оның негізгі мақсаты – балалар мен жасөспірімдер туризмін дамытып, құтқару жұмыстарының әдіс-тәсілдерін меңгерту. Салауатты өмір салтын насихаттау арқылы оқушыларды азаматтық және патриоттық сезімге тәрбиелеу. Бұл бастамада жас құтқарушылардың туристік ептіліктері мен шеберліктерін артты. Нәтижесінде топтар арасынан үздік туристік топтарды анықталды.
Слет бірнеше кезеңдерден тұрады. Алдымен «Кедергілер жолағы», «Құтқару жұмыстары» туристік жарысы болып, «Жауынгерлік қанат жаю, жауынгерлік киім кию», «Алғашқы көмек көрсету», «Патриоттық ән», «Сурет» байқауы, «Сұрақ-жауап» сайыстарынан бақ сынасты.
Басқарма тарапынан қабылданған «Жаз қызығы – көңілді демалыс» іс-шаралар жоспарына сәйкес қызықты бастамалар әлі де жалғасуда.