Шымкент қаласында жуырда ғана пайдалануға берілген оқушылар сарайы бүгінгі таңда алғашқы оқушыларын қабылдап, үйірмелер жұмысын бастады. Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтеновтың айтуынша, үйірмелер 6 бағыт бойынша жұмыс істейді.
Спорт және сауықтыру бағыты бойынша – 609, ғылыми-техникалық бағытта – 108, гуманитарлық және жастар қозғалысы бағытында – 132, өнер және музыкалық бағытта –128, көркем-эстетикалық бағытта – 66 оқушы қабылданды.
- Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауларында алдымызға қойып отырған талаптар кезең-кезеңмен қаламызда шешімін тауып келеді. Білім, денсаулық пен өнер мектептерінің бүгінгі жағдайы бұрынғыға қарағанда жақсара түскен. Біз оқушылардың білім алуымен қатар, бос уақыттарын тиімді пайдалануы үшін де бар жағдайды жасаудамыз. Атап айтсам, алдағы 2025-2026 жылдарға дейін қаламызда тағы 3 өнер мектебін салуды жоспарлап отырмыз. Тұран шағынауданында қазір бір мектептің құрылысы жүргізіліп жатыр. Осылайша, алдағы уақытта әр ауданда Оқушылар сарайы іске қосылады. Мұндай орталықтар жас буынның шығармашылығын шыңдап, жан-жақты дамуына жол ашатын болады, – деді Мұрат Дүйсенбекұлы.
Төрт ауысымда жұмыс істейтін ғимаратта бассейн, күрес, жекпе-жек, үстел теннисі ойындарының залдары орналасқан. Сондай-ақ, көркем-эстетикалық блокта бейнелеу өнері, драма, сәндік-қолданбалы өнер, қыш жасау кабинеттері де барлық қажетті құрал-жабдықтармен жасақталған. Ал ғылыми-техникалық секторда 3D модельдеу, Lego кабинеті, интерактивті кітапхана, биотехнология, гуманитарлық блокта фото және бейне студия, журналистика, моториканы дамыту кабинеттері де барлық талапқа сай жабдықталған. Музыкалық білім бөлімінде дыбыс жазу студиясы, музыкалық аспаптар, вокал студиясы бар. Сондай-ақ балалар мұнда футболға, баскетбол мен волейболға қатысып, воркаут алаңында дене шынықтыра алады.
Жалпы мұнда тағы 15 үйірме сайтқа енгізілуде. Олар: гитара, қуыршақ театры, саксофон, флейта, таеквандо, шахмат, асық ату, волейбол, компьютерлік сынып, экология, гидропоника, бағдарлама жасау, сенсорикалық кабинет, дефектолог, фото-бейне өңдеу үйірмелері.
Спорт және сауықтыру бойынша 15 үйірме жұмыс істеп тұр. Таэеквандо, шахмат, еркін күрес, тоғызқұмалақ, грек-рим, каратэ-до, бассейн, дзюдо, үстел теннисі, футбол, асық ату, волейболл, кикбоксинг, фитнес-зал. Ғылыми-техникалық бағыт бойынша 11 үйірме бар. Оның ішінде нақты жұмыс істеп тұрғаны – 6 үйірме бар, олар – физика, биотехнология, кипавтоматика, дизайн және 3Д модельдеу, робототехника, lego құрылысы, химия.
Гуманитарлық және жастар қозғалысы бағыты бойынша 5 үйірме, журналистика, шешендік өнер, журналистика қазақ және орыс тілдерінде, ағылшын тілі (лингвистика), дебат клубы оқушылармен жұмысты бастап кетті.
Өнер және музыкалық бағыт бойынша 8, атап айтқанда, домбыра, хореография, фортепиано, жетіген, қылқобыз, вокал, драма театр режиссері, скрипка үйірмелері жұмыс істейді. Көркем-эстетикалық бағыт бойынша 3 - ағаш өңдеу технологиясы, бейнелеу өнері, қыш өнері, қолөнер үйірмелері іске қосылды.