Келес ауданының оқушылары жазғы сауықтыру лагерінде жазғы демалыстарын көңілді өткізуде. Келес аудандық адами әлеуетті дамыту бөлімінің басшысы Бақтияр Абдиевтің айтуынша, бұған дейін Машат шатқалында орналасқан «Арман» жазғы сауықтыру лагеріне Келес ауданының 500 оқушысы жіберілген болса, енді екінші кезеңіне де 500 оқушы жіберіліп отыр екен.
- Балалардың жазғы лагерлері де аяқталуға жақын. Дегенмен олардың жазғы демалысын сапалы ұйымдастыру әлі де жалғасын тауып келеді. Біліммен қатар сауықтыру шаралары аудан деңгейінде жоспарға сәйкес ұйымдастырылуда. Өткен айларда жазғы сауықтыру лагерлері мектеп жанында ұйымдастырылса, одан бөлек, қала сыртындағы демалыс орындарында да жазғы сауықтыру лагерлері ұйымдастырылуда. Жалпы жазғы лагерге демалу – әрбір баланың арманы. Бірақ барлық ата-ана баласының жазғы демалысының әр күнін мерекеге айналдыруға мүмкіндігі жете бермейді. Осыны ескерген мемлекет әлеуметтік жағдайы төмен отбасында өскен балалар мен оқуда озат оқушыларды демалыспен қамтуды қолға алған. Биыл жалпы 1700 оқушыны жазғы сауықтыру лагерлеріне жіберу жоспарланған. Ол жоспар бүгінгі таңда талапқа сай орындалуда, - дейді Келес аудандық адами әлеуетті дамыту бөлімінің басшысы Бақтияр Абдиев.
Бұдан бөлек, Бақтияр Абдиев Келес ауданында дәстүрлі түрде жыл сайын ұйымдастырылатын «Мектепке жол» Республикалық акциясының басталғанын жеткізді. «Ауданда бұл акция жылда жоғары деңгейде ұйымдастырылып келеді. Биыл акция 1 тамызынан басталды. Қазірден бастап оқушыларға демеушілік танытқысы келетін кәсіпкерлер өз көмектерін ұсынуда. Олар жазғы сауықтыру лагерінде жүрген көпбалалы және азқамтылған отбасынан шыққан балаларға да акция аясында көмек беріп, демеушілік көрсетуде» дейді ол.