Шымкент қаласында Ә.Қастеев атындағы өнер және дизайн колледжінің жатахқанасының құрылыс жұмыстары бүгінгі таңда 65 пайызға орындалған. Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтеновтың айтуынша, ол колледжінің іргесі қаланғанына 50 жыл толып отыр екен.
Студенттердің жазғы демалыс сәтінде қолға алынған күрделі жөндеу қарқынды жүргізілуде, бүгінде 65 пайыз жұмыстар орындалған. Яғни, мұнда күрделі жөндеу жұмыстары мамыр айынан бастап жүргізіліп келеді. Жоспар бойынша бұл нысан қараша айында тапсырылуы тиіс.
- Шымкент қаласындағы іргелі оқу орындарының бірі – осы Ә.Қастеев атындағы өнер және дизайн колледжі. Төл тарихымен бірге рухани құндылықтар қатарын толықтырып келе жатқан өзіндік орны бар оқу орны елімізге елеулі тұлғаларды білім нәрімен сусындатып шығарды. Айта кетейік, айтулы колледждің бес қабаттан тұратын жатақханасы 1974 жылы салынған, 420 орындық ғимаратта қазір 539 оқушы қоныстанған. Өткен жылы жатақханаға күрделі жөндеу туралы жоспар құрылып, биыл құрылыс жұмыстары басталып та кетті, - дейді қала әкімі Мұрат Әйтенов.
Осы нысанның құрылыс жұмысымен танысқан қала әкімі Мұрат Дүйсенбекұлы мердігер мекемеге құрылыс жұмыстарын жауапкершілікпен атқаруды тапсырды. Әсіресе, шатыр мен жертөлеге қатысты ескертпелер айтты. Бастысы колледж студенттеріне жайлы жағдай жасау, жоспар бойынша екінші тоқсанның аяғында білім алушылар жаңа жатақхананың игілігін көрмек.