Түлкібас ауданындағы «Балалар өнер мектебінде» «Әлем бала көзімен» атты іс-шара өтті. Түлкібас ауданының адами әлеуетті дамыту бөлімінің басшысы Е.Кадырбектің айтуынша, іс-шарада жалпы қолөнер және көркем сурет үйірмесінің көрме жұмыстары көрсетіледі.
Мектеп оқушылары үшін осындай жаз мезгілінде кереметтей іс-шараларға жол ашылып, балаларға пайдалы мәдени іс-шаралар өткізілуде.
- Бастаманың негізгі мақсаты – жас өнерпаздардың еңбегін насихаттап, көпшілікке ұсыну. Осы арқылы балалардың өнерге деген қызығушылықтарына қолдау білдіру. Өскелең жас ұрпақ кемел адам болып қалыптасуы үшін олардың өз тарихы мен мәдениетін, ұлттық құндылықтарын біліп өсуі маңызды. Біз балалардың сапалы білім алуымен қатар, рухани дамуын, дүниетанымы кең болуын да қамтамасыз етуіміз қажет. Бұл бағытта Президент мектепте оқушылардың тұлға болып қалыптасуына ықпал ететін дәрістер ұйымдастыруды тапсырды. Біз балалардың шығармашылығын дамытуға басымдық беріп келеміз, - дейді Түлкібас ауданының адами әлеуетті дамыту бөлімінің басшысы Е.Кадырбек.
Көрмеге ұсынылған суреттер мен қолөнер туындыларының бәрін оқушылар өздері әзірлеген. Осылайша, оқушыларды жазғы демалыс күндері өз уақыттарын тиімді өткізіп, еңбекке баулу арқылы тәрбиелеу көзделген.