Бүгін Төлеби ауданының әкімшілік орталығы–Ленгір қаласындағы №6 жалпы орта мектептің екі қабатты жаңа ғимараты пайдалануға берілді. Жаңа мектептің салтанатты ашылу рәсімінде Төлеби ауданы әкімінің орынбасары Сержан Дүйсебаев, Ленгір қаласының әкімі Мақсат Жұмабаев, аудандық білім бөлімі басшысының міндетін атқарушы Бекайдар Тойлыбаев, қария Аязбай Бекбауов сөз сөйлеп, мұғалімдерді, оқушыларды және ата-аналарды 1 қыркүйек – Білім күнімен, жаңа оқу жылының басталуымен, жаңа ғимараттың пайдалануға берілуімен құттықтады. Білім алушылар 200 орындық жаңа мектебіне өнерін арнады. Ал 1-сыныпқа қабылданған балалар жыр шумақтарын оқыды. Жаңа 2023-2024 оқу жылының алғашқы қоңырауы соғылғаннан кейін мектеп директоры Жанат Маймақоваға жаңа ғимараттың символикалық кілті табыс етіліп, лента қиылды.
Көпшілік талапқа сай безендіріліп, жабдықталған жаңа мектепті аралап көріп, өскелең ұрпақтың сапалы білім, саналы тәрбие алуына барша жағдай жасалғанына көз жеткізді.
Мереке күні Сауран ауданының білім бөліміне қарасты №2 жалпы білім беретін мектебі де алғашқы оқушыларын қабылдады.
Жаңа мектептің ашылу салтанатына Түркістан облысы әкімінің орынбасары Тәжібаев Бейсенбай Дәулетұлы қатысып, жаңа оқу жылына оқушылар мен ұстаздарға жылы лебізін білдірді.
2021 жылы құрылысы басталған білім ұясы типтік, үш қабатты, 300 орындықты қамтиды. Ғимараттың қабырғасы кірпішпен қаланған. Су және кәріз жүйе орталықтандырылған. Қатты отынмен жылытылады. Жаңа білім мекемесінің оқу кабинеттерінен бөлек, асхана, медпункт, спорт залы бар. Құрылыс жұмыстарын “AziaRCр” ЖШС компаниясы жүргізген.