Баланың тұлға болып қалыптасуына отбасының тәрбиесі аздық етеді. Бұл орайда бала тәрбиесіндегі балабақшаның орны ерекше. Себебі, бала-бақшаға баратын бала қоғамда өз ойын ашық айтуға үйренеді. Сонымен қатар жан- жақты жетіледі. Балабақша ең алдымен баланы тәртіпке, жауапкершілікке үйретеді. Баланың ойлау қабілеттерін арттыру арқылы ұрпақты жақсылыққа тәрбиелейміз. Ата- бабаларымыз айтқандай баланың тәрбиесі бесіктен басталады, яғни тәрбиенің негізі отбасынан бастау алады. Балабақша, одан кейін мектеп адамның қоршаған ортада жеке тұлға ретінде қалыптасуына көмектеседі. Отбасындағы тәрбие мен балабақшадағы тәрбиені ұштастыра отырып, әрі қарай жақсы жолға түсуіне себепкер болады. Сондықтан елімізде балабақша саны мен сапасын арттыруға ерекше көңіл бөлініп келеді.
Осы орайда Сайрам ауданы Қарамұрт ауылдық округінде 100 балаға арналған «Нұрлы-Шуақ» толық күнді бөбекжай балабақшасы ашылды. Аудан әкімі Арман Сәбитов балабақшаның ашылу салтанатына қатысып, осындай игілікті істі қолға алып, бүлдіршіндеріміздің заман талабына сай балабақшада тәрбие алуына мүмкіндік берудің маңыздылығын атап өтті.
Жалпы 2-қабатты ғимарат 618 шаршы метрді қамтиды. Бүгінде балабақшада 4-топ бар. Аталған мекемеде білікті 12 – тәрбиеші жұмыс істейді. Ауданда 1-6 жасқа дейінгі балалар саны 43 322 құрайды, оның ішінде 12 126 бала балабақшаларда тәрбиеленуде. Қазір 1720 бала мемлекеттік, ал жеке балабақшаларда 10 406 бала тіркелген.
Бүлдіршіндердің бүгінгі күннің қалыбына және жасы мен даму ерекшеліктеріне сай білім алуы – күн тәртібінде бірінші тұрған мәселе болғандықтан, аудан көлемінде бүгінге дейін осы мәселе төңірегінде тұрақты жұмыстар атқарылып келеді.