Мектеп мақтаныштарымен кездесті

image.png

Рухани шаһардағы Зияткерлік оқу ордасына қадам басқан 7 сынып оқушылары бейімдеу апталығының соңғы күнінде мектеп мақтаныштарымен кездесіп, мотивациялық серпін берген басқосудың куәсі болды. Мектеп мақтаныштары атанған үздік зияткерлер яғни пәндік олимпиада мен ғылыми жобалар байқауының жеңімпаздары мен жүлдегерлері, авторлық құқық иегерлері жас өрендерге мотивациялық бағыт-бағдар берді. 

Мектеп үздігі, республикалық және желілік пәндік олимпиада жүлдегері, ғылыми жоба авторы 10 сынып оқушысы Мансұр Тұрарбек жас зияткерлерге жетістікке жету жолында өзі қолданатын қарапайым ережелерімен бөлісті. Сондай-ақ, ол өз сөзінде, пәндік олимпиадаға қажетті пайдалы оқу ресурстарымен бөлісіп, тыңғылықты дайындықтың қаншалықты маңызды екенін жеткізді.

Ал «Сығанақ қаласының 3D моделін» құрастырған және осы ғылыми жобаның авторлық құқық иегері атанған Нұргүл Жарылқап жас өрендерге өлкетануға байланысты сұрақтар қойып, өз жобасының мақсатын түсіндіруде облыстағы тарихи жерлердің маңызын айшықтады. Осы тұста Нұргүл жалпы ғылыми жобамен айналысудағы басты мақсаты мен артықшылықтары және авторлық құқықты алу жолдары жайлы баяндап берді. Сонымен қатар жетістікке жетуде өз кеңестерімен бөлісіп, қатарға қосылған жас зияткерлерге жаңа оқу жылында сәттілік тіледі:

- Зияткерлік мектеп үздіксіз даму ортасы, тек бір ғана жетістікпен шектелмей жан-жақты білім алуға, қабілеттеріңді шыңдауға мүмкіндік көп. Сол себепті қазірден бастап, уақытты зая кетірмей оқу үлгерімдеріңізді жақсартып, белсенді болыңыздар, - деп жас зияткерлерге ерекше шабыт сыйлады.

Басқосу соңында география пәнінің мұғалімі Серік Жолдасов республикалық және желілік деңгейде өтетін пәндік олимпиадаларға қатысу зияткерлер үшін үлкен мүмкіндіктерге жол ашатынын жеткізді.  

Бейімдеу апталығының соңғы күні жас өрендерге мотивациялық ерік-жігер сыйлаған кездесумен сәтті аяқталды.

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Сайрамда бірқатар азаматтар марапатталды
  • «Мәңгілік жаса, қыран елім Қазақстан» шарасы өтті
  • Ақындар елдікті жырлады
  • Туған жерді түлету - жастардың қолында
  • Балаларды отансүйгіштікке баулу парыз
  • Ақпарат

    • Rgmedia.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16380-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер