Тамыз айының 21-25 аралығында Ұлыбритания мемлекеті, Шотландия елінің Глазго қаласында өткен «ECER» білім беру саласындағы зерттеулердің халықаралық конференциясына Түркістандағы NIS-тің ағылшын тілі пәні мұғалімі Айнұр Аманбаева қатысты.
Айта кетейік, еліміздің барлық өңіріндегі NIS мектептері жыл сайын қатысатын конференцияға рухани шаһардағы Зияткерлік оқу ордасы алғаш рет қатысып отыр.
Конференцияда Айнұр Аманбаева «Action Research» бағыты бойынша жүргізген зерттеу жұмысының нәтижесімен бөлісіп, презентациясын сәтті қорғағанын жеткізді:
- Конференцияда «Эмоционалды интеллект пен орта білім беру жүйесіндегі жетістіктер арасындағы байланыс» (Relationship between Emotional Intelligence and Academic Performance in Secondary Education) тақырыбында жүргізген зерттеу барысы көптеген ғалымдардың қызығушылығын тудырды. Атап айтсақ, «Швеция, Германия, Дания, Түркия, Ұлыбритания, Италия, Испания елдерінің ғалымдары тақырыптарды қызу талқылап, жоғары бағалады», - дейді NIS ұстазы конференциядан алған нәтижесімен бөлісіп
Білім беру саласында зерттеу жүргізіп жүрген педагог мамандарды бір алаңға жинаған конференцияға әлемнің 59 елінен 95 секция бойынша 521 қатысушы, оның ішінде 361 спикер қатысты. Тың идеялар талқыланған алаңда бас қосқан NIS ұстаздары үшін ғылыми конференция білім беру саласындағы заманауи зерттеу үрдістерін анықтауға мүмкіндік берді.