34 апталық оқу бағдарламасы қайтарылды

image.png

Әне-міне дегенше жайдарлы жаз да өтіп, сарғайған күз де келіп жетті. Күздің басты оқиғасы әрине жаңа оқу жылының басталуы. Оқушы саны көп Түркістан облысы бұл мерекені қалай қарсы алды және жаңа оқу жылында өңірдің білім саласында қандай өзгерістер орын алмақ?

Білім беру инфрақұрылымын дамыту мақсатында Түркістан облысында 2023-2025 жылдар аралығында 96 мектеп салу көзделген. Оның 63-і «Жайлы мектеп» ұлттық жобасымен, үшеуі «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасымен, 21-і жалпы сипаттағы трансферттер есебінен, 9-ы жемқорлардан тәркіленген қаражат есебінен бой көтереді. Биыл осы мектептердің 20-сы оқушыларды қабылдайды.

Жаңа оқу жылында 1-сыныпқа 51 621 оқушы келді. Сондай-ақ, биыл мемлекеттік 5 мектеп, жекеменшік 14 білім ұясы алғашқы оқушыларын қабылдады.  2022 жылы 53 799 шәкірт мектеп табалдырығын алғаш аттаған еді. Ал, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы бойынша өңірде үш жылда заманауи 63 мектеп ғимаратының құрылысы жүргізілетін болады.

Сонымен қатар, қыркүйек айында жалпы көлемі 5 мың орыннан астам 17 жекеменшік мектеп пайдалануға беріледі. Нәтижесінде облыстағы жекеменшік мектептер саны 110-ға жетпек.

Осы орайда тамыз кеңесіне қатысқан облыс әкімі Дархан Сатыбалды бизнес өкілдерін ел болашағы – балаларымыздың сапалы білім алуына инвестиция құюға шақырды. 

– Мектептегі оқушы орындарының тапшылығын шешуде жекеменшік сектор біздің негізгі әріптесімізге айналуы тиіс.

Бұл бойынша тиісті басқармаларға мектеп қажет ететін елді мекендер картасын әзірлеп, «Атамекен» кәсіпкерлік палатасы арқылы бизнес өкілдерімен ашық форматта жұмыстар жүргізуді, қажет болған жағдайда жекеменшік секторға қажетті коммуналдық инфрақұрылымдарды тиісті орынға дейін жеткізіп беруді тапсырамын, – деп мәлімдеді облыс әкімі.

Жаңа оқу жылының ең басты жаңалықтарының бірі орта мектеп оқушылары үшін 34 апталық оқу бағдарламасы қайтарылды. Яғни мектеп оқушылары жазғы демалысқа бұрынғыдай 25 мамырда шығады. Дегенмен, 5 күндік оқу аптасы сақталады. Бұл туралы Премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова мәлімдеді. Вице-премьер 36 апталық оқу жылына көшу туралы шешімнің асығыс қабылданғанын атап өтті. Педагогтар мен ата-аналар қауымдастығы тарапынан түскен шағымдар ескеріліп, бұрынғы 34 апталық оқу бағдарламасы қайтарылатын болды. Алайда, оқу аптасының 5 күндік күйінде қалғанын ескерсек, қалған 2 апталық оқу бағдарламасын министрлік қайда жіберді? Осыған дейін оқу жылының 36 аптаға дейін созылуын осы 5 күндік оқу жүйесіне көшумен байланысты екені айтылған. Вице-премьер 36 апталық оқу жүйесіне көшуді 2025 жылға дейін пысықтап барып, ортақ шешімге келуді тапсырды. 


Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Сарыағаштықтар қолдау білдірді
  • Зиялы қауым өз ойларын ортаға салды
  • Жетісайлықтар да қолдайды
  • Күн тәртібіндегі мәселелер қозғалды
  • Жастар арасында этноквест өтті
  • Ақпарат

    • Rgmedia.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16380-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер