Түркістан облысында оқушылардың бос уақыттарын тиімді ұйымдастыру мақсатында 2024-2027 жылдары халқы тығыз орналасқан аудан, қалалардан 2 Оқушылар сарайы мен 7 Өнер мектебі салынады.
Сонымен қатар, Түркістан, Арыс, Кентау және Леңгір қалаларында заманауи техникамен жабдықталған оқушыларды шығармашылыққа үйрететін «Fablab» шеберханалары ашылып, қызмет көрсетуде. Түркістан қаласындағы Оқушылар сарайында балалар үшін Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті және UNICEF-Қазақстанмен бірлескен UniSat білім беру хабының қатысуымен ғарыш әлемі орталығы ашылды.
Сонымен қатар жаңа оқу жылында алғаш рет ауыл оқушыларына арналған республикалық олимпиада өтеді.
ҚР Оқу-ағарту министрлігі ауылдық мектептердің дарынды, талантты оқушыларын анықтау, оларға қолдау білдіру, сондай-ақ, халықаралық олимпиадаларға қатысуға ынталандыру мақсатында ауыл оқушыларына арналған республикалық олимпиаданы енгізуде. Мұндай интеллектуалды сайыстар жаңа 2023-2024 оқу жылында алғаш рет өткізіледі.
Олимпиадаға ауыл мектептерінің 9-11 (12) сынып оқушылары қатыса алады. Ол аудандық, іріктеу және республикалық кезеңдерден тұрады. Қорытынды кезеңнің қатысушылары республикалық сырттай оқу мектебіне қосымша білім алу үшін қабылданады. І дәрежелі диплом алған жеңімпаздар оқу-жаттығу жиындарына шақыртылып, жалпы білім беретін пәндер бойынша ұлттық олимпиадаға жолдама алады. Сондай-ақ, тәлімгер-ұстаздар үшін де дайындық жиындарын өткізу жоспарлануда.