Орал қаласындағы Мұз спорт сарайында спорт шеберлері арасында самбодан әлем чемпионаты өтті. Салнататты жиынның ашылуында облыс әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов қатысып, спортшыларға сәттілік тіледі. Спорт жиынына қатысқан ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Абзал Құспан да өз ойын жеткізді. «Спорт – жастарды тәрбиелеудегі таптырмас құрал. Самбо – күрестің бір түрі. Біз өмірде қиындықты жеңген адамдарды күрескер дейміз. «Күрес» сөзі мен «күрескер» сөзінің мағынасы бір. Біздің спортшыларымыз да жолда кездеске қиындыққа мойымай, күресіп келеді. Жастарына қарамай спортты тастамай жүрген ағаларымыз жастарға үлгі болуы керек »,- деді ол.
Аталмыш чемпионатта әр елден келген палуандар өз салмақ дәрежесі бойынша күш сынасты. Сол палуандардың бірі–Төлеби ауданындағы Қ.Тыныбеков атындағы жалпы орта мектептің білікті дене шынықтыру пәні мұғалімі, оқушыларын жеңіске жетелейтін педагог Нұрдәулет Сихымбаев әлем чемпионатының жүлдегері атанды.
Бір айта кетерлігі, он үш жылдан бері осы мектепте тапжылмай ұстаздық етіп келе жатқан Нұрдәулет Сихымбаев биыл Астана қаласында самбо бойынша өткен Азия чемпионатында да жүлдегер атанған болатын.
Еске сала кетсек, 8-10 қыркүйек аралығында өткен Әлем чемпионатына біздің елдің спортшыларынан бөлек Франция, Болгария, Қырғызстан, Моңғолия, Молдовия, Грузия, Армения, Жапония, FIAS (Ресей мен Беларусь елдері халықаралық самбо федерациясының туы астында өнер көрсету) және Германия елінен келген 542 палуандар қатысты.