Техника мен заманауи гаджеттер күн сайын дамып жатыр. Даму үдерісі көптеген мүмкіндіктерге жол ашты. Десе де оның қоғамға пайдасымен қатар зияны да бар. Бір-бір гаджетті иеленген балалар арасында кітап оқитындар саны азайып кеткен. Соның салдарынан әлемде сауатсыздық деңгейі артқан. Мұндай дағдарыс тіптен дамыған елдердің өзінде айқын көрініс тауып жатыр. Балалардың шығармашылығын дамыту, кітап оқуға ынталандыру халықаралық мәселеге айналған. Елімізде балалар арасында кітап оқуға құлшыныстың жоқтығын жою мәселесінде белсенді жұмыстар жүргізіліп жатыр. Ол жұмыстардың негізіндегі тәжірибелердің нәтижелі екенін көруімізге болады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінде берген тапсырмасына сәйкес БҒМ «Оқуға құштар мектеп» жобасын бекіткен болатын. «Оқуға құштар мектеп» жобасыны аясында көркем әдебиеттер тiзiмi 4 бағыт бойынша жүзеге асырылуда. Яғни олардың қатарына еліміздің үздік классиктернің кітаптары, ана тіліне аударылған шетелдік әлем әдебиетінің жауһарлар, сонымен бірге қазіргі заманғы ақын-жазушылардың кітаптары енген.
Осы орайда Түлкібас ауданының білім бөлімі әдістемелік кабинетінің жылдық жоспарына сәйкес, Абай атындағы мектеп-лицейінде 8-10 сынып оқушылары арасында «Балалар әлемі» жобасы шеңберінде республикалық балалар оқулары байқауының аудандық кезеңі өтті.
Жас ұрпақтың кітап оқуға деген құштарлығын арттыру, еліміздің әдебиеті мен жазушылар шығармаларын зерделеуге шақыру және жас ұрпақтың бойына отансүйгіштік сезімін қалыптастыру мақсатында өткен бұл сайысқа жалпы білім беру ұйымдарынан барлығы 125 оқушы қатысты.
Байқауда жас ерекшелігі мен оқу бағдарламасын ескеріп, «Әдебиет порталы» интернет-жобасындағы қазақстандық және шетелдік кітаптардан ұсынылған әдебиеттерден алынған тақырыптар аясында 60 сұрақтан тұратын тест тапсырмалары және эссе жазу бойынша сайысқа түсті.
Байқау қорытындысы бойынша жүлдегер оқушылар қазан айында өтетін облыстық кезеңге жолдама алды.
Мектеп оқушысының кітап оқу іс – әрекетін дамыту Қазақстандағы білімді жаңғыртуда басым бағыттардың бірі болып табылады. Ұлттың рухани және интеллектуалды ілгерілеуінің құралы ретіндегі оқылым іс-әрекетіне балаларды және жастарды тарту мақсатында «Оқуға құштар мектеп» жобасының үлесі маңызды болмақ. Кітап оқу - білім мен рухани құндылықтарды беру мен меңгерудің бір түрі ретінде, тұлғаны тәрбиелеу және білім беру адамның қоғамда табысты болуына және бәсекеге қабілеттілігінің жалпы деңгейіне әсер ететіні айқын.