Арыс қаласының "№32 Ә.Жангелдин атындағы жалпы білім беретін мектебінде қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі А.Бакирова 10-шы сынып оқушылары арасында қазақ әдебиетінің XX ғасырдағы жарық жұлдыздарының бірі - Оралхан Бөкейдің 80 жылдық мерейтойына байланысты сыныптан тыс танымдық сабағын өтті.
Мақсат - Оралхан Бөкей шығармаларын кеңінен насихаттау, таныстыру. Оқушылардың әдеби тілін дамыту, өз бетімен іздену, жазушының әңгімелері арқылы адамгершілікке тәрбиелеу.
Сабақ барысында Алтайдың асқақ жыршысы " Мұзтаудың мұзбалағы" атанған Оралхан Бөкейдің өмір жолы мен шығармашылығына арналған бейне баян көрсетілді. "Атау кере" шығармасындағы түрлі тағдырлармен туған жері Мұзтаудың табиғатын байланыстыра суреттеу жазушының асқақ ойлы екендігін оқушылар шебер тілде жеткізе білді.
Айта кетейік, Оралхан Бөкей – ұлт руханиятының көкжиегін кеңейтуге зор үлес қосқан біртуар тұлға. Қарымды қаламгер әдебиет әлеміне алғаш қадам басқан сәттен бастап шоқтығы биік шығармаларымен оқырман қауымның ықыласына бөленді. Жазушының жауһар мұралары көптеген шет тіліне аударылды, пьесалары еліміздің іргелі өнер ордаларында қойылып, көрермен көзайымына айналды. «Алтайдың Кербұғысы» атанған ерекше дарын иесінің шығармашылық жолы, азаматтық ұстанымы және қайраткерлік қасиеті – жастарға әрдайым үлгі-өнеге. Оның мол әдеби мұрасы әлі талай ұрпаққа рухани азық бола беретіні сөзсіз.