Созақ ауданында балалардың кітап оқуға деген құштарлығын арттыру, еліміздің әдебиеті мен жазушылар шығармаларын зерделеуге шақыру және жас ұрпақтың бойына отансүйгіштік сезімін қалыптастыру мақсатында «Балалар әлемі» жобасы аясында республикалық балалар оқулары байқауының аудандық кезеңі өтті. Аталған сайысқа аудан мектептерінің 8-10 сынып оқушылары қатысты.
Оқушылардың дайындалу мақсатында жас ерекшелігі мен оқу бағдарламасын ескеріп, «Әдебиет порталы» интернет-жобасындағы қазақстандық және шетелдік кітаптардан ұсынылған әдебиеттерден алынған тақырыптар аясында эссе жазу бойынша сайысқа түсті. Сайыс соңында жүлдегерлер марапатталып, жеңімпаздар облыстық кезеңге жолдама алды.
Шара Қазығұрт ауданынының білім бөліміне қарасты О.Жандосов атындағы жалпы білім беретін мектебінде де өтті. Байқауға 72 мектептен 77 оқушы қатысып, бақтарын сынады.
Білім сайысының нәтижесінде, 8 сынып оқушылары арасында Б.Момышұлы атындағы жалпы білім беретін мектебінің оқушысы Аділбек Аяулым, 9 сынып оқушылары арасында Елшібек батыр атындағы мектеп-лицейінің оқушысы Мамрасил Ақбота, 10 сынып оқушылары арасында 1-Мамыр жалпы білім беретін мектебінің оқушысы Әлібек Сәуле облыстық кезеңге жолдама алды.
Отырар ауданының білім бөліміне қарасты "Жамбыл" атындағы мектеп-лицейінің оқушылары да бұл сайыста бақтарын сынап, оза шапқандар келесі кезеңге жолданды.
Сондай-ақ Түлкібас ауданындағы "Түркібасы" жалпы орта мектеп кітапханасында "Оқуға құштар мектеп" жобасы аясында "Бір отбасы - бір кітап" тақырыбында отбасылық байқау өткізілді.
Мақсат - бала тәрбиесінде кітап оқудың орны ерекше екенін түсіндіру. Отбасы - мемлекеттің негізгі буыны. Тәрбие - отбасынан басталады, болашақ ұрпақтың еліне, Отанына деген сүйіспеншілігі алдымен ата-ананың ықпалымен қалыптасады.
Байқауға аудандағы бірнеше үлгілі отбасылар қатысты. Ең үздік кітап оқитын отбасы Сатыбалдиева және Сартаевалар отбасы болды. Іс-шара барысында отбасы туралы ата-анаға, балаларға арналған жеке сұрақтар қойылды. Әр отбасы оқыған кітаптарын өздерінше қорғап шықты. "Әжемнің ертегілері" тақырыбында ертегі оқылды. Сайыс қызықты әрі тартысты өтті. Байқауға қатысқан отбасыларға арнайы сыйлықтар берілді.