Еліміздің рухани астанасы Түркістанда өткен Ұлттық құрылтайда Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев білім саласына қатысты ұзақ мерзімге арналған идеологиялық басым бағыттарды айқындап, нақты шешу жолдары ұсынды. «Жас ұрпақтың, әсіресе, қазіргі құбылмалы заманда сыни тұрғыдан ойлай білуі маңызды.
Балаларымыздың танымы кең болуына жағдай жасауымыз қажет. Мектепте оқушылардың тұлға ретінде қалыптасуына ықпал ететін дәрістер оқытылуға тиіс» деді Президент.
Бүгінгі таңда Мақтаарал ауданынында білім саласында ауыз толтырып айтарлық жұмыстар атқарылуда. Жалпы аудандық білім бөліміне қарасты 71 мекеме болса, оның 56-ы жалпы орта мектеп. Бұл білім ошақтарында 28028 оқушы білім алуда. Бұдан бөлек, 109 балабақша бар, оның 13-і мемлекеттік, 96-ы жекеменшік балабақшалар, онда 10280 бүлдіршін тәрбиеленуде.
Әділетті Қазақстанды Адал азаматтар ғана құрады. Мемлекет басшысы «Адал азаматқа тән қасиеттер әрбір жастың бойынан табылуға тиіс» деді. Ұлттың жаңа болмысы білім, ғылым және мәдениет саласын дамыту арқылы қалыптасады. Осы бағытта бізге орасан зор жауапкершілік пен міндет жүктеліп отыр. «Тәрбие тал бесіктен басталатынын» ескере отырып, өскелең жас ұрпақтың бойына адалдық қағидаттарын сіңіреміз десек, ең алдымен оған өзіміз өнеге көрсетер тұлға болуымыз керек. бұл бағытта Мақтаарал ауданының адами әлеуетті дамыту бөлімінің тарапынан көптеген жұмыстар атқарылуда. Атап айтсақ, бөлімге қарасты әдістемелік кабинеттің ұйымдастыруымен жүргізілген Олимпиадалық резерв мектебі-оқушыларды белгілі бір ғылым саласында, оқу пәнінде өз білімін жетілдіруге, өзінің интеллектісін дамытуға, зияткерлік-зерттеу, тәжірибелік-эксперименттік жұмыстың іскерлігі мен дағдыларын алуға ұмтылдырады. Олимпиадалық резерв мектептері Абылайхан атындағы жалпы орта мектеп, Мырзакент мектеп-гимназиясы, С.Рахымов атындағы жалпы орта мектебі мен Мақтаарал мектеп-гимназиясы базаларында жұмыс істеуде.
Жылдық жоспарға сәйкес оқушыларды ғылыми жоба, пәндік олимпиадаларға дайындау мақсатында 2 облыстық, 25 аудандық әдістемелік және оқыту семинарлары өткізілді. 2-11-сынып оқушыларының арасында 30 олимпиа, ғылыми жобалар мен байқаулар өткізіліп, оған 7500 оқушы қатысты.
Жалпы биыл аудандағы дарынды оқушыларымыздың қол жеткізген жетістіктері көп. Соның бірқатарына тоқталып өтсек. Атап айтқанда, Республикалық «Елбасы медалі» - ұлттық жобасының 7 бағыты, яғни спорт, дарын мен дағды, кітап оқу, ұлттық мұра, волонтерлік, экспедициялар мен жорықтар, еңбек практикасы бойынша 14 оқушы қатысып, «Қола» медалімен және төс белігімен марапатталды. Өткен оқу жылында Республикалық IQanat олимпиадасының облыстық кезеңіне ауданнан 213 оқушы қатысып, нәтижесінде республикалық кезеңіне 8 оқушы өтті. Республикалық кезеңге қатысқан Үкібаев атындағы жалпы орта мектептің 9-сынып оқушысы Акаш Әли бірінші орынды және Айқанат мектебінің грантын иеленді, сонымен бірге «Мақтаарал» мектеп-гимназиясының 9-сынып оқушысы Жұлдыз Зулпыхар Айқанат мектебінің грантын жеңіп алды.
Сондай-ақ өткен оқу жылының пән олимпиадасына аудандағы білім беру ұйымдарынан іріктеліп, 630 оқушы қатысты. Аудандық пән олимпиадасының нәтижесімен 52 оқушы пән олимпиадасының облыстық кезеңіне жолдама алды. Түркістан облысының дарынды балаларды анықтау және қолдау орталығының ұйымдастыруымен өткен оқу жылының жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиадасының облыстық кезеңі осы жылдың 13-18 ақпан күндері аралығында жаратылыстану-математика, қоғамдық-гуманитарлық бағыттары бойынша Шымкент қаласындағы М.Тасова атындағы үш тілде оқытатын мамандандырылған №12 мектеп-интернатының базасында өткен болатын. Облыстық олимпиада қортындысы бойынша 52 оқушының 30-ы жүлдегер атанды. 1 оқушы – І-ші, 3 оқушы – ІІ-ші, 12 оқушы - ІІІ жүлделі орындарға, 14 оқушы - Алғыс хатқа ие болды. Республикалық кезеңіне қатысуға 1 оқушы жолдама алды.
Сонымен қатар осы жылдың сәуір айында 7-8-сынып оқушыларының арасында «Жасөспірімдер» республикалық олимпиадасының аудандық кезеңі өтіп, математика, физика, география, информатика, химия және биология пәндері бойынша 18 оқушы облыстық кезеңге жолдама алды. Облыстық кезеңнің нәтижесінде 1 оқушы жүлделі ІІІ дәрежелі дипломмен марапатталды.
Түркістан облысының дарынды балаларды анықтау және қолдау орталығында ұйымдастыруымен М.Ташенов атындағы №23 IT мектеп лецейінің базасында 2-7-сынып оқушыларының «Зерде» зерттеу жұмыстары мен шығармашылық жобалар конкурстарының облыстық кезеңі өтті. Онда С.Датұлы мен М.Ғабдулин атындағы жоғары орта мектептерінің 4-сынып оқушылары математика пәнінен Мадина Ибадулла 3 орынды, ал Айару Жұмабай медицина секциясынан мақтау қағазын алды. Бұдан бөлек, Қ.Үкібаев атындағы орта мектептің 7-сынып оқушысы Аянат Құрманғали алғыс хат, А.Байтұрсынов атындағы орта мектептің 7-сынып оқушысы Ұлжан Азимхан физика секциясынан 3 орын иеленді.
Сонымен қатар Түркістан облысының дарынды балаларды анықтау және қолдау орталығының ұйымдастыруымен өткен республикалық ғылыми жобалар конкурстарының облыстық кезеңінің нәтижесінде аудан мектептеріндегі Мақтаарал мен С.Датұлы атындағы орта мектептердің оқушылары, Байзах Темірлан химия секциясынан 3 орын, Құттыбай Әсем қазақ тілі секциясынан 3 орынға ие болды.
Ал Кентау қаласында, Т.Рысқұлов атындағы жоғарғы орта мектебінің базасында 5-6-сынып оқушыларына арналған республикалық олимпиаданың облыстық кезеңі өткізілді. Олимпиада жалпы білім беру бағдарламалары негізіндегі математика, жаратылыстану, қазақ тілі мен әдебиеті, орыс тілі мен әдебиеті, қазақ тілінде оқытатын мектептердегі орыс тілі, орыс тілінде оқытатын мектептердегі қазақ тілі, ағылшын тілі, Қазақстан тарихы пәндері бойынша ұйымдастырылды. Аталған олимпиаданың облыстық кезеңіне 5-6-сынып оқушыларынан 16 оқушы қатысып, оның 7-і жүлделі орындарға ие болды. Сонымен қатар ауданымыздың дарынды оқушылары түрлі байқаулар мен сайыстарға қатысып, жүлделі орындарды иеленді. Оқушылардың білімдегі бұл жетістіктері мұғалімдердің еңбегінің жемісі екені анық.
Президентіміз Ұлттық құрылтайда біздің ұлттық бірегейлігіміз табыстылықта екенін айтты. «Бұл ел дамуының маңызды стратегиясына айналуға тиіс. Әр білім мекемесі өз алдына «Біз қайткенде табысты балабақша, табысты мектеп, табысты колледж бола аламыз» деген мақсат қойып, оған жауап беруге дайын болуы керек» деді Мемлекет басшысы.
Президентіміз «Ел атын әлемге танытып жүрген жастар ұлттың рухын жаңғыртуда» деп атап көрсетті. Біз жастардың бойындағы өнер-білімге, ғылымға, жаңашылдыққа деген осы серпілістің қарқынын сақтай отырып, оны күшейтуіміз, дамытуымыз қажет. Мемлекет басшысы білімді дамыту арқылы ұлттың жаңа сапасын қалыптастыру керек деп міндет жүктеді, мұны біз абыроймен атқарудамыз. Оқушылардың тәрбиесі мен біліміне мұғалімдердің қосып отырған үлесі зор.
Оқушылармен қатар аудан мұғалімдері де түрлі байқауларда топ жарып аудан намысын облыс, республика деңгейінде қорғап келеді. Атап айтсақ, О.Бапышев атындағы жалпы орта мектебінің мұғалімі Абдразақ Сүлейменов «Ахмет Байтұрсынұлы – Ұлттың ұлы ұстазы» атты байқауда «Балалар! Оқуға бар!, Жатпа қарап!» номинациясы бойынша сырттай ақындар байқауында 1 орынды жеңіп алса, осы мектептің келесі мұғалімі Злиха Шабданова облыстық эссе байқауынан 2 орынды иеленді.
«Жаңа жол» жалпы орта мектебінің мұғалімдері Гүлмира Урбаева «Ыбырай оқуларының» облыстық кезеңінен 3-орын, Махаббат Айтураева облыстық «Мәртебелі ұстаз» байқауында 2 орынды жеңіп алды. М.Ғабдуллин атындағы жалпы орта мектебінің мұғалімдері Асылжан Шотаев облыстық ақындар мүшайрасынан 2 орынды, Гүлжайсан Алиманова облыстық «Мәртебелі ұстаз» байқауынан 2-орынды қанағат тұтты. Мақтаарал мектеп-гимназиясының мұғалімі Нұрсауле Калназарова облыстық ғылыми жоба байқауынан 2 орынды қанжығалап қайтты.
Облыстық пән мұғалімдері арасында өткен олимпиададан В.Комаров жалпы орта мектебінің информатика пәні мұғалімі Улукбек Эгамбердиев 3 орынды қанағат тұтты. Ал осы жылдың 12-13 сәуір күндері Түркістан қаласында өткізілген облыстық Роботур байқауынан Ғ.Мүсірепов атындағы жалпы орта мектебінің информатика пәні мұғалімі Калменов Төлеген 1 орынды айқын басымдықпен жеңіп алды. Бірлік жалпы орта мектебінің бастауыш сынып мұғалімі Зауре Абдраманова «Жаңа мектепке жаңашыл ұстаз-2023» байқауынан ІІІ орын иеленді. «Педагогикалық идеялар фестивлі» облыстық байқауынан «Мырзакент» мектеп гимназиясының бастауыш сынып мұғалімі Айсулу Кадырқұлова ІІІ орынмен марапатталды.
Өткен оқу жылында оқушылар мен мұғалімдердің жеткен жетістігі аз болмады. Түрлі байқаулар мен олимпиадаларда, білім мен өнер жарыстарында топ жарған оқушылар мен мұғалімдердің бірде-бірі ескерусіз қалмады. Жаңа оқу жылында да бізді толағай табыстар күтіп тұр деген сенімдеміз.