«Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» дегендей қолға алғаш қалам алып, әріп үйреткен педагогтар мәртебесі бүгінде қоғамда жоғарылап келеді. Осы бір қастерлі мамандық иелеріне деген сый-құрмет жыл санап артуда. Осыған сай балаға білім беруде ізденімпаз, жаңашылдыққа құмар, білім саласының дамуына өз үлесін қосып отырған мамандар да жетерлік. Солардың бірі - Ленгір қаласындағы №4 Қ.Сәтбаев атындағы жалпы білім беретін мектептің тәжірибелі бастауыш сынып мұғалімдері Гүлнар Бұлғанбаева (педагог-шебер) мен Гүлімхан Төлепбекова (педагог-зерттеуші) әріптестеріне әдістемелік көмек көрсетуден жалыққан емес. Аталған ұстаздар бастауыш сынып мұғалімдерінің жұмысын жеңілдету мақсатында өткен оқу жылында қазақ тілі, әдебиеттік оқу, математика, дүниетану, жаратылыстану пәндері бойынша жиынтық бағалауға арналған тапсырмалар жинақтарын құрастырған болатын. Осы жинақтар оқу жылы барысында облыс мектептерінде қолданылып, автор-құрастырушылардың еңбегі әріптестері тарапынан жоғары бағаланды.
- Біз бастауыш сынып мұғалімдерінің, әсіресе жас мамандардың жиынтық бағалауға арналған тапсырмаларды дайындауда қиналатындарын байқадық. Сондықтан осындай тапсырмалар жинақтарын құрастырдық. Жалпы, жиынтық бағалауға арналған тапсырмаларды әзірлеуде бағалау критерийлерінің оқыту мақсатына, тапсырмалардың бағалау критерийлеріне, дескрипторлардың тапсырмаларға сай келуіне мән беруі керек, - дейді тапсырмалар жинақтарын құрастырған ұстаздар.
Бүгінде өңіріміздегі бастауыш сынып мұғалімдері Гүлнар Бейсембайқызы мен Гүлімхан Мәдуаханқызының жиынтық бағалауға арналған тапсырмаларды дайындау тәжірибесіне ерекше қызығушылық танытып отыр.