2023 жылдың 10 наурызында арнайы қабылданған Қаулыға сәйкес, 5 қазан – Ұстаздар күні болып белгіленді. Білім беру саласының кәсіби мерекесін бүгін әлемнің 100-ден астам елі атап өтуде. Өскелең ұрпақ бойына білім нәрін сусындатып, ұлттық құндылық дарыта білген ұстаздарға құрмет көрсету мақсатында Төлеби аудандық Мәдениет үйінде салтанатты жиын өтті.
Мерекелік басқосуға арнайы қатысқан аудан әкімі Төлеген Телғараев, аудандық мәслихат депутаты Жанғали Мәуленов, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Әтірхан Шыңғысбаев, ардагер ұстаз Сейітхан Ақтаев, аудандық білім бөлімі басшысының міндетін уақытша атқарушы Бекайдар Тойлыбаев жас өрендерге тағылымды тәрбие, өнегелі білім беріп, үлкен өмір жолына жол ашқан ұстаздарды құттықтап, аудан әкімінің «Алғыс хатын», аудандық мәслихаттың Грамотасын табыс етті.
- Халық даналығында «Ұстазы жақсының ұстамы жақсы» деген қанатты сөз бар. Шәкіртінің қиялына қанат бітіріп, асыл армандарының орындалуына мүмкіндік туғызу ұстаздың борышы. Білім беру жүйесін дамытуға, туған жердің отансүйгіштерін тәрбиелеуге қосқан үлестеріңіз үшін алғысымды білдіремін. Бүгінгі жастардың ертеңгі күні білікті маман, Отанын жанындай сүйетін, ұлттың тарихы мен мәдениетін қастерлейтін, рухани кемелденген нағыз ұлт азаматы болып қалыптасуына кепілдік берер, ауыр да жауапты міндет тұр алдымызда. Ол міндетті орындауда жасөспірімдерге деген ыстық ықыласымызды аямайық. Сіздердің абыройлы қызметтеріңізге табыс, дендеріңізге саулық тілеймін! Баршаңызға тағы да мереке құтты болсын, деді құттықтау сөзінде аудан әкімі.
Төлеби ауданында мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес «Жайлы мектеп» Ұлттық пилоттық жобасы аясында Төлеби ауданында 4 заманауи жаңа мектеп салу жоспарланып, Достық ауылында 900 орындық, Көксәйек елдімекенінде 600 орындық, Қосағаш ауылында 300 орындықты 3 мектептің құрысылы басталды. 2024 жылы Бірінші Мамыр елдімекенінде 1500 орындық жайлы мектептің құрылысы басталмақ. Сондай-ақ, аудан аумағында Шомшақты, Тағайна мектептері мен Оқушылар үйінің құрылысы жүргізілуде.
Мерекелік жиын барысында бірқатар ұстаздарға «AMANAT» партиясының Түркістан облыстық филиал төрағасының «Алғыс хаты» табыс етілді.