Мұғалім - бұл өмірде ең құрметті және лайықты адамдар ие болатын, мақтан тұтатын мамандық! Мұғалім мамандығы - шығармашылық пен зор энергияны, мейірімділік пен қаталдықты біріктіреді. Мұғалім өзінің жұмысына көп күш жұмсайтыны соншалық, кейде өзінің жақын адамдарымен өткізуге болатын құнды уақытын да жіберіп алады. Бұл да ұстаздың өз мамандығына шын берілгендігін, кәсібіне адалдығын көрсетеді.
Өздеріңіз білесіздер, жыл сайын қазан айының алғашқы сенбісінде тойланып келген «Мұғалімдер күні» мерекесі Оқу-ағарту министрінің бастамасымен биылдан бастап қазанның 5-жұлдызында аталып өтілетін болды. Бұл да бір жаңашылдыққа бастайтын жаңа қадам деп білеміз. Осыған орай бүгін Түркістан қаласының төрінде орналасқан «Оқушылар сарайында» ұстаздарды ұлықтауға арналған ауқымды шара өтті.
«Ұстазыма мың алғыс» тақырыбын арқау еткен мерекелік шараға Түркістан қаласының әкімі Нұрбол Әбдісаттарұлы Тұрашбеков, қалалық мәслихат хатшысы Ғаппар Амантайұлы Сәрсенбаев, қалалық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Жарқынбек Құлбайымбетов, білім бөлімінің басшысы Оразкүл Шайхықызы Қолдасова қатысып, ұлағаты мол ұстаздарға жылы лебіздерін жолдады. Өз кезегінде Нұрбол Әбдісаттарұлы озат ұстаздарға қала әкімінің марапатын ұсынса, Оразкүл Шайхықызы Оқу-ағарту министрлігінің, облыстық білім басқармасының, облыстық кәсіподақ кеңесінің және бөлімнің марапаттарын өз иелеріне табыстады.
Мерекелік шара ұстаздар мен оқушылардың концерттік бағдарламасымен жалғасып, ұстаздарға мерекелік көңіл-күй сыйлады.