Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев республикалық тамыз конференциясында сөйлеген сөзінде «Шағын комплектілі мектептерді тиімді дамыту — маңызды мәселе. Көптеген шалғайдағы елді мекендер сондай мектептердің арқасында жойылмай тұр. Әрбір шағын комплектілік мектептің ахуалы ауыл тағдырымен тікелей байланысты. Ал ауыл — біздің алтын бесігіміз, ата-бабамыздың мекені, терең тарихымыздың куәсі. Сондықтан оны сақтап қалуымыз керек» деп атап өткен болатын.
Ия, расында да ауылдар мен қалаларда орналасқан мектептер арасын¬да алшақтық байқалады. Білім беру сапасы әсіресе, елді мекендердегі мектептерде төмен деген көзқарас бар. Бұл – баршаны ойлантатын жайт. Мұндай мәселені жүйелі әрі кешенді шешу үшін «Қазақстан халқына» қоры серіктестермен бірге ауылдық тірек мектептерді дамыту жөнінде шешім қабылданған. Осыған байланысты қор мамандары «Ауылдық жерлердегі тірек мектептердің әлеуетін дамыту» бағдарламасы аясында 17 ауылдық тірек мектепті жабдықтап, әдістемелік қолдау көрсетуді қолға алды. Осы кезге дейін өңірлерде 11 мектеп қайта жарақтандырылды. Барлығы 27 моноқала мен 164 аудандағы 191 мектепті қамту жоспарланып отыр. Бұл мақсаттарға 15 миллиард теңгеден астам қаржы жұмсалмақ.
Осылайша, білім сапасын көтеру үшін жаңа жабдықтар мен дағдылар шағын жинақты мектептерге бағытталады.
Түркістан облысында да аталмыш жобаға енген білім ошақтары бар.
Осы орайда «Ауылдық елді мекендердегі тірек мектептердің әлеуетін дамыту» жобасы аясында Созақ ауданы, Шолаққорған ауылындағы А.Сүлейменов атындағы жалпы білім беретін мектеп мұғалімдеріне арналған өңірлік семинар өтті.
Семинарды Шымкент қаласындағы химия-биология бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебі ұйымдастырды. Ауыл мұғалімдері Зияткерлік мектептердің өкілдеріне көбінесе білім берудің жаңартылған мазмұнын енгізуі, функционалдық сауаттылықты арттыру, мұғалімнің рөлі, мектептің, қоғамның және ата-аналардың ынтымақтастығы жөніндегі сауалдар төңірегінде сұрақтар қойды.
⠀Тәжірибе алмасу мақсатындағы бұл шарада ұстаздар оқу процессіндегі жаңалықтармен бөліссе, кітапханашылар балалардың оқуға деген қызығушылын арттыру бағытында тренинг жүргізді. Сонымен қатар, мектеп психологтары балалармен жеке жұмыс жасау жөнінде сөз қозғап, практикалық жұмыстар жасады.
Айта кетсек, «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ 2020 жылдан бастап ауылдық жерлерде білім беру сапасын жақсартуға негізделген «Ауыл мектебі» білім беру жобасын жүзеге асыруда.
Айта кетейік, "Ауыл мектебі" жобасы келесі жұмыс бағыттарын көздейді:
1. Ауыл мектептерінің күшті және әлсіз жақтарын, сонымен бірге орта білім беру ұйымдарының қажеттілігін зерттеу.
2. Білім беру қызметін ұсынудың шарттары мен сапасын жақсарту бойынша ұсыныстарды әзірлеу.
3. ДББҰ тәжірибесін есепке ала отырып, оқытуды ұйымдастырудың, оқытудың, бағалаудың, тәрбие беру жұмыстарының инновациялық тәжірибелері мен технологияларын енгізу.