Сауран ауданының білім бөліміне қарасты жалпы білім беретін мектептердің бастауыш сынып мұғалімдері арасында математика пәнінен «Алтын тұғыр» олимпиадасының аудандық кезеңі өтті.
Олимпиада мақсаты - бастауыш сынып мұғалімдерінің кәсіби қызметінде жоғары нәтижелерге жетуге ұмытылысын жетілдіру, мұғалімдердің шығармашылық әлеуеті мен педагогикалық шеберлігін дамыту, мұғалім мамандығының мәртебесін арттыру.
Сонымен қатар, олимпиада мұғалімдердің зерттеушілік және шығармашылық тұрғыдан өзін-өзі жүзеге асыруына жағдай жасауға, математиканы оқыту процесін жетілдіруге; жоғары кәсіби мұғалімдерді анықтау және қолдауға, математика пәнінен олимпиада тапсырмаларын шешуде педагогтардың біліктілігі мен дағдыларын жетілдіруге бағытталған.
Олимпиаданың міндеттері:
- бастауыш сынып мұғалімдерінің математика пәніне деген қызығушылығын қалыптастыру, сол арқылы мұғалім деңгейін көтеру;
- қабілеті жоғары оқытушыларды анықтау және ынталандыру;
- оқытушылардың математикалық ұғымдарды талдау қабілетін жоғарылатып, оқушы алдында өз ойын сауатты жеткізе білуге жетелеу;
- бастауыш мұғалімдерінің маңыздылығын айқындау;
- республика көлеміндегі мұғалімдердің өзара тәжірибе алмасуын қалыптастыру.
Олимпиаданың аудандық кезеңіне 48 мектептен 82 мұғалім қатысты.
Олимпиада тапсырмалары екі бөлімнен тұрады. Берілген уақыт - 60 минут, осы уақыт аралығында әр бөлімдегі тапсырмаларды орындау арқылы қатысушы мұғалім 100 ұпай жинайды.
І - бөлім. Тест түрінде берілген 10 есептің әр дұрыс жауабына 5 ұпай, жалпы ұпай саны - 50 ұпайды құрайды.
ІІ - бөлім. Бос орынды толтыру, 10 есеп беріледі, мұнда орындаушылар тек жауаптарын толтырады. Әр дұрыс жауапқа 5 ұпай беріледі, жалпы ұпай саны - 50.
Олимпиаданың аудандық кезеңінің нәтижесі бойынша жоғары ұпай жинаған З.Жолдасбекова - А.Байтұрсынұлы жалпы білім беретін мектеп; Б.Джармуханбетова - Аманкелді жалпы білім беретін мектеп; Г.Мамадалиева - Қарашық жалпы білім беретін мектеп; М.Худойбергенова - Х.А.Яссауи жалпы білім беретін мектеп; У.Азизбекова - Құмтүйін жалпы білім беретін мектеп; Ш.Бакаева - №1 жалпы білім беретін мектеп мұғалімдері облыстық кезеңге жолдама алды.